ШЫМКЕНТТЕ ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАР САЙЫСЫ ӨТТІ

Қала күніне арналған кереметтей іс-шараның бірі шаһарымыздың сүйікті демалыс орны Абай саябағында өтіп жатыр. Алдын ала іріктеуден өткен 16 отбасы «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтайтын «ОтбасыFest» байқауында бақтарын сынауда. Қалалықтардың қуанышымен бөлісуге келген шаһарымыздың бас ұстазы Жанат Тәжиева сайыскерлердің барлығына сәттілік тілеп, жиналған қауымды Қала күнімен шын жүректен құттықтады.

— Отан — отбасынан басталады. Сондықтан мемлекет іргесі мықты болу үшін отбасы институты берік болуы тиіс. «ОтбасыFest-тің» көздеген мақсаты да осы. Орын алудан бұрын сахна төріне шығып, жұртшылыққа өнерін таныстырған, отбасы тәрбиесіндегі үлгісі мен тәжірибесін көрсетудің өзі бір бақыт. Біз үшін әлемде жоқ Шымқаладай әсем шаһар біреу ғана. Сондықтан оның дамуына, өркендеуіне үлес қосу әрбір саналы азаматтың парызы, — деді Жанат Арысбекқызы.

Байқау шарты бойынша отбасылар алдымен өздерін таныстырады. Сосын келесі сайыста өнерлерін ортаға салып жарысады. Соңғы турда спорттық сайыстан жүлдеге таласады. Жарысқа Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер және білім басқармаларының өкілдері қазылық етуде.

Сондай-ақ арбатта туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шараға қаладағы 35 кәсіпкер өтінімін білдірген. Оның ішінде, балмұздақ, салқын сусындар мен тағамдар бар. Қала үшін айтулы күнге орай гастрономиялық туризмді дамытып жүрген кәсіпкерлер балмұздақтардың сан түрін әзірлеп, мегаполис тұрғындары мен қонақтарына ұсынуда. Одан өзге, келушілер арасында конкурстық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар үшін сыйлықтар әзірленген. Онда ресторандарға арналған жеңілдіктер мен тегін тамақтану мүмкіндігі қарастырылған.

Шымкент қаласын еліміздің гастрономиялық орталығына айналдыру мақсатында жүзеге асқан фестивальде тіскебасарлар ғана ұсынылып қоймай, келушілер үшін концерттік және балалар үшін аниматорлық, ойын-сауықтық бағдарламалар ұсынылуда. Одан өзге, қыш-құмыра, аква грим жасаудан шеберлік сабақтары өтіп, «Шымкент шайы» таратылып жатыр. Аспаздар кәуап пісіріп, балмұздақ дайындауда өз құпияларымен бөлісуде. Таңнан басталған іс-шара кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Кәсіпкерлер өз өнімдерін мерекелік күнде сату арқылы табыс көзін арттыруы күтілуде. Жалпы, іс-шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып жатыр.