ШЫМКЕНТТЕ ​КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ҚР ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында көркем гимнастикадан спорт шеберлері және спорт шеберлігіне кандидат спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.

Бүгін 7-10 ақпан аралығына жоспарланған бәсекенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова жиында іс-шараның маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шаhарда көркем гимнастикадан жеңісті дәстүр бар. Қазіргі уақытта бұл спорт түрімен қалада 1000-нан астам жас шұғылданады. Оларға қажетті жағдай жасалған. Биыл спортшылар көптеген маңызды додаларға қатысады. Олимпиада ойындарына жолдама алу мақсаты тұр. Алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз, – деді қала әкімінің орынбасары.

ҚР чемпионатында еліміздің барлық өңірінен келген 300-ге жуық гимнасшы қыздар жекелей және топтық бағдарламалар бойынша бақ сынайды. Олардың арасында Азия чемпионаты, ҚР чемпионаты мен Кубогының жеңімпаздары және жүлдегерлері бар.

Көркем гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Ә.Юсупова бұл сайыстың жеңімпаздары әлем кубогы мен Азия чемпионатына баратынын айтты. Сондай-ақ, биыл лицензиялық әлем чемпионаты және Азия чемпионаты өтеді.
Айта кетейік, жарыс 10 ақпанға дейін созылады.