ШЫМКЕНТТЕ ӘДІЛ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ШАРАЛАРЫ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

2025 жылдың алғашқы жартысында Шымкент қаласында бәсекелестік ортаны бұзатын әрекеттерге қарсы нақты шаралар қабылданды. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қалалық департаменті тарапынан жүргізілген тергеп-тексерулер нәтижесінде бірнеше айқын заң бұзушылық анықталып, айыппұлдар мен жазалау шаралары қолданылды. Атап айтқанда, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы лицензиясыз және табиғи монополиялар субъектісі ретінде тіркелмей, 2021–2024 жылдар аралығында электр энергиясын тасымалдауға байланысты шарт жасағаны үшін 14,6 млн теңге айыппұл арқалады. Іс қазіргі таңда сот қарауында. Сонымен бірге, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС өзіне сенімгерлікпен басқаруға берілген желілер арқылы интернет желісін тарату қызметінде қосымша ақы алып, өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдаланған. Бұл дерек бойынша департамент тиісті ықпал ету шараларын қабылдап, мәселені оң шешуге қол жеткізді.

Ұн нарығында бағаны келісіп көтеру деректері бойынша алты бірдей компанияға қатысты тергеп-тексеру жүргізіліп, үш компания — «Grain House-555», «Санжар» және «Pioneer Grain Products» ЖШС — бәсекелестікке қарсы келісім жасағаны үшін 26,6 млн теңгеден астам айыппұлмен жазаланды.
Монополист компаниялар арасындағы тағы бір ірі дау — «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның 1755 тұтынушыдан заңсыз артық төлем алу әрекеті. Бұл жағдай соттарда қаралып, екі сатылы соттың шешімі департамент пайдасына шықты. Қазіргі кезде іс Жоғарғы соттың қарауында. Монополияға қарсы органның өкілдері БАҚ арқылы мемлекеттік сатып алу процесіне қатысатын кәсіпкерлерге адал бәсекелестікті сақтау қажеттігін еске салып, жосықсыз тәсілдерден бас тартуға шақырды.
Бұл туралы бүгін, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент бойынша департаментінің басшысы – Қосбаев Ернар Тұрдалыұлы мәлімдеді.