ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Шымкент қаласында «1 Маусым – Халықаралық баларды қорғау күні» салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мереке Әл-Фараби алаңында 500-ге жуық балақайдың жол бетіне балғын шақтың әсерлі сәттерін бейнелеуден басталып, оқушылардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарының көрмесіне ұласты.

Салатанатты жиынға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов бүлдіршіндерді бүгінгі мерекемен құттықтап, балалар жылы аясында бірқатар жаңа нысандар іске қосылатынын жеткізді.

–Балаларымыз – біздің бақытымыз және болашағымыз!

Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауына орай 42,9 млрд. теңге қаржы қарастыра отырып, 84 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ, Шымкентте 186 634 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл қаладағы мектеп оқушыларының 88 пайызын қамтуда. Балаларды сауықтыру, жетілдіру, үйрету сияқты бос уақытты тиімді өткізу мақсатындағы шараларға биылғы қала бюджетінен 300 миллионға жақын қаржы бөлінген болса, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген. Аз қамтылған 7 241, балалар үйіндегі 147 және «Дарын» мектебінен 260 балаға саяжай лагерлерінде тегін демалуға жолдама берілсе, 27 655 оқушының ата-аналары есебінен демалатыны анықталған. Биыл қаламызда 143 балалар ойын алаңшасы, 33 спорт алаңшасы, 16 мектеп, 1 оқушылар сарайы мен №2 балалар саз мектебі іске қосылады. 2021-2022 оқу жылында қаламыздың бес жүзден астам оқушы республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі сайыстарда топ жарды. Бұл біз үшін мақтаныш. Ең алдымен шымкенттік ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, оқушылардың дамылсыз білім алып, оқып-үйренуге жұмсаған алтын уақытының қайтарымы деп білемін, -деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 130 мектепте сауықтыру бағытында 151 331 оқушыны түрлі үйірмелер және спорт секцияларымен қамту жоспарланған. Саяжай лагерлеріне жолдама үшін аз қамтылған отбасы ата-аналары өтініштері ХҚО және egov порталы арқылы онлайн форматта қабылдануда. Жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы, мәдениет саласы 12 000, спорт саласы 14 000 баланы жеке кәсіпкерлер арқылы балалардың қызығушылыға қарай үйірмелерге қамтуда. Бұл жаз бойы жалғасын табатын болады.