ШЫМКЕНТТЕ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Шымкентте Алғыс айту күні «Достық үйі» ғимаратының алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл қою рәсімімен басталды.

Жиналған көпшілік Астана қаласында өтіп жатқан мерекелік жиынды тікелей эфир арқылы тамашалап, телекөпірге қосылды. Телекөпірге еліміздің барлық өңірлерінен 40-қа жуық Достық үйі онлайн форматта қатысты.
 –Бұл мерекенің жыл өткен сайын мәні мен мазмұны тереңдеп, салдары мен сипаты, құндылығы артып келеді. Мемлекет басшысы Алғыс айту күнін мерекелеудің форматын өзгерту қажет екенін айтқаны белгілі. Сондықтан мереке тұтас қоғамның құндылығына, барша халықтың ортақ мерекесіне айналуы үшін ынтымақ, бірлік, келісіммен бірге айналамызда мейірім мен ізгіліктің салтанат құруы аса маңызды, — деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі құттықтау сөзінде.
Дархан Қуандықұлы елімізде түрлі табиғат аппаттар кезінде зардап шеккен халыққа көмек көрсеткен қазақстандық құтқарушылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтарға ризашылық білдіріп, қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек еткен барша маман иелеріне құрмет көрсету қажеттігін атап өтті.
Жиында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов сөз алып, шымкенттіктерді айтулы мерекемен құттықтады.
 – Бұл күні халқымыздың бір-біріне өзара қамқорлығы, мызғымас береке- бірлігі мен ынтымағы кеңінен насихатталуы керек. Алғыс айту күнінің ауқымы кеңейіп, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға айрықша назар аударылып келеді. Қазақстанды Отаным деп білетін түрлі этнос өкілдерімен қатар қоғамның барлық саласында үлгілі еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін. Несібесін еңбектен, ырысын татулықтан таба білген Шымкент қаласының тұрғындары еліміздің қуатын арттыруға бір кісідей жұмылады деген сенімдеміз, – деді Мұратжан Шүкірханұлы.
Айта кетейік, мерекелік жиында өз істерінде біліктілігімен, еңбекқорлығымен, батырлығымен көзге түскен азаматтар марапатталды.