ШЫМКЕНТТЕ АБАЙ КҮНІ ЕРЕКШЕ ТОЙЛАНДЫ

Бүгін Шымкенттегі Абай саябағында ұлт болып ұлықтайтын ерекше мереке — Абай күніне орай хакімнің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Саябақта «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әуеледі. Махаббат пен тағылымға толы өлеңдер де оқылды. Саябаққа жиналған көпшілік Абай мұражайына экскурсия жасады.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде жарияланған «Абай әлемі» байқауына 150-ге жуық адам қатысып, байқаудың шарты бойынша көп қаралым жинаған 20 қатысушы екінші кезеңге өтіп, айтулы жиында әділ-қазылар алдында өнерлерін көрсетті. Байқаудың ең кішкентай қатысушысы 6 жаста екен. Ең көп қаралым 36000 болған.

Іс-шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, поэзияны сүйіп оқитын қала тұрғындарын ынталандыру, қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, оқу дағдысын жетілдіре отырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхана оқырмандарының санын арттыру болды.

– Халықты білім, еңбек, өнер жолына жетелеген ұлы Абайдың шығармаларын насихаттау бәріміздің парызымыз. Өмірін жарқын, келешегін кемел еткісі келетін кез келген адам Абай өлеңдерінен нәр алады. Абай күні мерекесі халықтың, әсіресе жастардың жыл сайын асыға күтетін мерекесі болсын лайым, – деді өзінің құттықтау сөзінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шакеев.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан өнерпаздарды әділ қазылар бағалап, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстады.