Шымкентте 25 қабатты тұрғын үй кешені салынып жатыр
Шымкент қаласында ең биік тұрғын үй кешені салынуда. “Capital City” — 12-25 қабат, 20 блоктан тұратын үшінші мегаполистегі ең биің тұрғын үй кешені болмақ. Жалпы ауданы 5 га, “Шымкент сити”-ден бой көтеруде. Құрылыс барысы қарқынды.
Жаңа тұрғын үй кешенін көруге арнайы барған қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігер мекемеге нысанның құрылысы барысында туындаған мәселелердің шешімінде жан жақты көмек көрсетілетінін атап өтті. Кешен жеке инвестор «Capital Invest Construction» ЖШС есебінен жүзеге асырылуда. 120 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, 1, 2, 3 блоктардағы 4, 5 қабаттың және 6 блоктағы 10 қабаттың қабырғаларын салу аяқталды. Енді инженерлік желілер тартылып, бөлме аралық қабырғалары қаланады. 1,5 га алаң абаттандырылады. Айта кетейік, Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 649,1 шаршы метрге баспана салынған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге дейін жетті.
Шымкент қалалық құрылыс басқармасы ұсынған ақпараттарға сәйкес, жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысы жүргізілу жоспарланған. Шымкентте техникалық тексеру нәтижелері бойынша тозығы жеткен 107 тұрғын үй анықталған. Аталған тұрғын үйлерді реновация бағдарламасына енгізу қарастырылуда. Қазіргі таңда реновациялық бағдарламаны инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асыру жайы қолға алынуда. Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және инвестициялар арқылы, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ, қала аумағы бойынша 60-тан аса тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.