ШЫМКЕНТ: ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ТАС-ТҮЙІН ДАЙЫНДЫҚ

Шымкентте «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Ел көлеміндегі аса маңызды оқу-жаттығу іс-шарасы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камаловтың тікелей басшылығымен өтуде.

Басты мақсат – төтенше жағдайда ел амандығын қамтамасыз ету

Екі күнге созылатын оқу-жаттығу барысында қатысушылар зілзалалар мен өзге де төтенше жағдайлар кезіндегі жедел қызметтердің әрекетін, өзара іс-қимылын және үйлестіру дағдыларын жетілдіреді. Мұндай ауқымды жаттығулар азаматтық қорғау жүйесінің шынайы сын-қатерлерге дайын болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бірінші кезең – толық дайындық!

Таңғы сағат 08:00-де басталған оқу-жаттығудың алғашқы кезеңінде барлық күштер мен құралдар толықтай дайындыққа келтірілді.
Жедел штабтар құрылып, зардап шеккен халықты уақытша орналастыруға арналған шатырлы қалашықтар тігіліп, әрекетке жұмылдырылды. Бұл – төтенше жағдайда халықты жедел көшіру және қамқорлыққа алу шараларының нақтылы үлгісі.

Жауапты құрылымдар жұмылдырылды

«Жер-2025» жаттығуына:

  • ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты №52859, 28237 және 68303 әскери бөлімдері,

  • Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттері,

  • Денсаулық сақтау және Қорғаныс министрліктері,

  • Апаттар медицинасы орталығы белсенді қатысуда.

Жалпы алғанда, жаттығуға 269 маман мен 90 техника бірлігі жұмылдырылған. Бұл – Қазақстанның төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету әлеуетінің айқын көрінісі.


Оқу-жаттығу – бұл сынақ алаңы ғана емес, сонымен қатар өмір мен қауіпсіздік үшін жауапты құрылымдардың үйлесімді жұмысын шыңдайтын маңызды тәжірибе.
«Жер-2025» – қауіп-қатердің алдын алуға дайын елдің сенімді қадамы!