ШЫМКЕНТ: ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРГЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛУДЕ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №1 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығында 70 бала тәрбиеленуде.

Аталған орталық 1957 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта тәрбиеленушілерге жан-жақты сапалы білім және саналы тәрбие алуына жағдай жасалынған. Мекеменің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Компьютерлік, лингафондық-мультимедиялық кабинеттермен жасақталған орталықта балалар үшін жатын және ойын бөлмелері, 200 орындық асхана, дене шынықтыру залы, медициналық блок қажетті құрылғылармен қамтылған.

Сонымен қоса, балаларды ән-биге, қолөнерге, аспаздыққа, тігін тігуге бейімдейтін үйірмелер мен түрлі спорттық секциялар, клубтар жұмыс істейді. Орталықта қазіргі таңда «Жас информатик» клубы жұмыс істейді. Балалар шығармашылық клубта ІТ саласының қыр-сырын меңгереді.
Тәрбиленушілердің болашақта тұрғын үймен қамту мәселесі де басты назарға алынған. Қазіргінің өзінде асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, «Отбасы Банкінен» 70 тәрбиеленушіге жеке есеп шоттар ашылған.

Айта кетейік, 2019 жылдан бері Шымкент қаласы соттарының судьялары әр 3 айдың бір күндік жалақысын тәрбиеленушілердің жеке есеп шоттарына аударып келеді.