ШЫМКЕНТ: СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ТҰРҒЫНДАРЫ САПАЛЫ ЭЛЕКТРМЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Шымкент қаласы тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту мақсатында елді мекендерде құрылыс жұмысы жалғасуда, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агентті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Соның бірі – Солтүстік саяжай елді мекені. Қазіргі уақытта Солтүстік саяжай елді мекенінде 6 мыңға жуық тұрғын қоныстанған.
Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде 4418 электр бағаналары және 22 трансформатор орнатылып, 131 шақырым электр желілері тартылды. Сондай-ақ, қосылу көзі болып табылатын электр тарату станциясы іске қосылуға дайын.
Бекітілген жоспарға сәйкес, атқарылып жатқан жұмыстар ағымдағы жылдың қыркүйек – қазан айларында толық аяқталып, іске қосу жоспарлануда.
Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Айта кетейік, Солтүстік саяжай елді мекені өткен жылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. Ал, табиғи газбен қамту құрылысы «Энергоресурс» ЖШС тарапынан жүргізілуде.
Құрылысы 2023 жылы аяқталып, солтүстік саяжайлықтар келесі жылы көгілдір отынмен қамтылады.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін Руханият көшесі жарықтандырылады.
Сонымен қатар, биыл 15 елді мекенге оптика желісі тартылады. Өткен жылы шалғай орналасқан 10 елді мекенге жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесіне қосылды. Олар: Ақжайық, Достық, Асар, Сәуле, Шұғыла, Көкбұлақ, Тассай, Нұртас, Таскен, Пахтакор шағынаудандары.
Биыл цифрландыру басқармасы тағы 15 елді мекенге сапалы интернет тартуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Забадам, Самал-3, Құрсай, Қазығұрт және Қарабастау елді мекендеріне толықтай талшықты оптика желісі жүргізіліп жатыр.
Осы жылдың соңына дейін Солтүстік-Батыс, Ақниет, Қызылжар, Асар-2, Ынтымақ, Жайлау, Қарасу, Мирас,Мартөбе, Қайнарбұлақ саяжай аумағы оптика желісі жүргізіліп, 165 000 — нан аса тұрғын жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алады.