ШЫМКЕНТ МЕКТЕПТЕРІ 2024–2025 ОҚУ ЖЫЛЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАП, ЖАЗҒЫ МЕЗГІЛГЕ ДАЙЫНДАЛУДА
Шымкент қаласының білім беру жүйесі – еліміздің ең ірі мегаполисінің стратегиялық маңызды салаларының бірі. Қазіргі таңда қаладағы білім беру ұйымдары 2024–2025 оқу жылын сапалы аяқтап, жазғы кезеңде балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
Бүгінде Шымкент қаласы бойынша жалпы 290 мектепте 271 316 оқушы білім алуда. Оның ішінде 162 мемлекеттік мектепте – 206 395 оқушы, 128 жекеменшік мектепте – 64 921 оқушы бар.
Биылғы оқу жылында 9-сыныпты 24 264 оқушы бітіреді (мемлекеттік мектептерде – 20 361, жекеменшік мектептерде – 3 903). 1 423 оқушы үздік аттестатқа үміткер.
Ал 11-сыныпты 15 891 түлек аяқтайды (мемлекеттік мектептерде – 11 638, жекеменшік мектептерде – 4 253). Оның ішінде:
– үздік аттестатқа үміткер – 1 078 оқушы (мемлекеттік – 748, жекеменшік – 330);
– «Алтын белгіге» үміткер – 670 оқушы (мемлекеттік – 455, жекеменшік – 215).
Оқу жылының соңғы күні – 2025 жылғы 23 мамыр. Осы күні барлық сыныптарда «Білімім – Отаныма!» бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Іс-шара аясында оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында «Адал азамат» бағдарламасының негізгі құндылықтары насихатталады. Сонымен қатар, оқушылар арасында «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тақырыптарында эссе жазу байқаулары өткізіледі.
Қорытынды аттестаттау мерзімдері:
– 9-сыныптар үшін: 29 мамыр – 10 маусым аралығы;
– 11-сыныптар үшін: 30 мамыр – 16 маусым аралығы.
Барлық емтихандар сағат 09:00-де бір мезгілде басталып, материалдар сол күні таңғы 07:00-де таратылады.
Аттестат тапсыру рәсімі барлық мектептерде ресми және салтанатты түрде ұйымдастырылады. Ата-аналар мен оқушылардан қаражат жинауға қатаң тыйым салынған. Бұл талап бойынша тиісті бұйрық қабылданып, мектеп басшыларына нақты жауапкершілік жүктелген.