ШЫМКЕНТ: БАРЛЫҚ АВТОБУСТАРДА КОНДУКТОРСЫЗ ЖҮЙЕ ЕНГІЗІЛДІ

Шымкент қаласында 2023 жылдың наурыз айынан бастап қоғамдық көліктерде кондукторсыз жүйе енгізілді.

Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Басқарма мәліметінше, қалада жолаушылардың жол ақысын төлеу бойынша 150 адамнан құрылған тексеруші топ жасақталған.

Күнделікті жүргізілетін рейдтік шара кезінде жол ақысын төлеуден жалтарған азаматтарды анықтаған жағдайда, полиция қызметкерлерінің қатысуымен жолаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар, рейдтік іс-шара бақылау тобынан бөлек жүргізіліп, әкімшілік тәртіп шаралары қолданылатын болады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма мамандарының айтуынша, мобильді топтың мақсаты – жолаушыларға айыппұл салу емес, оларды міндетті жол ақысын төлеуге шақыру. Автобусқа отырғанда бірінші кезекте валидатор, SMS және QR-код арқылы төлем жасалу қажет. Қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда, жүргізушіден чек талап етіп және чекті сапар аяқталғанға дейін сақтау керек.
Сондай-ақ, жүргізушілердің қоғамдық көлік жүргізу барысында алаңдамауы және жол ақысын төлеуден жалтару жағдайларын болдырмау мақсатында жолаушылардың автобусқа отыруы алдыңғы есік арқылы, шығуы артқы есік арқылы жүргізіледі.
Айта кетейік, көлік картасымен, SMS және QR-код арқылы төлеген кезде тариф 70 теңгені, қолма-қол төлеген жағдайда тариф 100 теңгені құрайды. Сондай-ақ, картада ақша қаражаты болмай қолма-қол төлеу кезінде, тариф 100 теңгені құрайды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында жалпы резервпен қоса 1000-ға жуық  автобус тіркелген және 10 көлік компания жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетеді. Күнделікті 875 автобус 77 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайды.