ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН ҚЫЛМЫСТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ
Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.
Өткен аптада Шымкент қаласы бойынша тергеу органдарының өндірісінде жалпы 168 қылмыстық іс тіркеліп, олардың 15-і сотқа жолданды. Қылмыстардың басым бөлігін алаяқтық (58 іс), ұрлық (37 іс), есірткі заттарының заңсыз айналымы (21 іс), тонау (4 іс) және жол-көлік оқиғаларына қатысты істер (15 іс) құрады. Алаяқтық қылмыстарының дені интернет арқылы жасалған алаяқтықтармен байланысты (29 іс). Бұл істердің ішінде төмендегідей тәсілдер кеңінен қолданылған:
• Интернет желісіндегі жалған тауарлық жарнамалар арқылы – 14 жағдай;
• Инвестиция жасау арқылы ақшаны көбейтуге уәде беретін жарнамалар – 2 жағдай;
• Банк қызметкері, байланыс операторлары және мемлекеттік қызметкерлердің атынан жасалған жалған қоңыраулар – 11 жағдай;
• Қасақана несие рәсімдеу арқылы – 2 жағдай.
Мәселен, өткен аптада белгісіз тұлға азаматша «С»-ға қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік басқармасы қызметкері ретінде таныстырып, банк шотынан күмәнді несие рәсімделгенін айтқан. Ол қаражатты қауіпсіз шотқа аударуды сұрап, нәтижесінде 2 700 000 теңгені алаяқтық жолмен иемденген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тергелуде. Осыған ұқсас алаяқтық жағдайлары күн сайын тіркеліп отыр. Осыған орай, қала тұрғындары мен қонақтарына алаяқтардың арбауына түспеу үшін, күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда банкке немесе тиісті мекемелерге ресми сенім телефондары арқылы қайта хабарласып, нақты ақпарат алудың маңыздылығы ескертіледі. Бұдан бөлек, қалта ұрлықтары мен ұялы телефондарды жасырын жымқыру фактілері де артып келеді. Мәселен, 1 маусым мереке күні орталық саябақта белгісіз адам азамат «С»-ның бала арбасындағы сөмкеден ұялы телефонын жасырын ұрлаған. Қалта ұрлықтары, әсіресе, базарларда, қоғамдық көліктерде және мерекелік іс-шаралар кезінде жиі тіркеледі. Осыған байланысты тұрғындар көпшілік орындарда бағалы заттары мен ақшаларын қалталарға салып жүруден аулақ болғаны жөн. Интернет желісіндегі есірткі өнімдерін жасырын сататын дүкендердің қолжетімді болуы – қоғам үшін өзекті мәселенің бірі. Бұл жағдай жастар арасында есірткі заттарын қолдану мен заңсыз тасымалдауға итермелеуде. Өткен аптада есірткіге қатысты ұсталғандардың жастық көрсеткіші келесідей:
• 18-30 жас аралығы – 5 адам;
• 30-60 жас аралығы – 6 адам. Барлығы – жұмыссыз азаматтар.
Статистика бойынша есірткі сатумен байланысты істерге көбіне курьерлік қызмет көрсететін жастар тартылуда. Осыған орай, жастарға әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге, бейтаныс адамдардың тапсырмаларын орындамауға және есірткі сияқты зиянды әдеттерден аулақ болып, ел дамуына өз үлестерін оң жолмен қосуға шақырамыз. Қала аумағында жол-көлік оқиғалары да жиілеп, жәбірленушілер саны артуда. Негізгі себептерге жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы мен телефонға алаңдауы салдарынан жаяу жүргіншілерді қағу және көлікпен соқтығысу (5 іс), жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі (2 іс), кәмелетке толмағандардың электрлі скутер мен самокатты жол қозғалысы ережесін бұзып басқаруы (1 іс), сондай-ақ мас күйде көлік жүргізу (1 іс) жатады.
Осыған байланысты, қала тұрғындарына жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, көлік жүргізу барысында сақтық шараларын ұстану, ал ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларының өмірі мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында оларға скутер немесе жоғары жылдамдықты самокатты басқаруға тыйым салу қажеттілігі ескертіледі.