Шорнақтың даму қарқыны: есептік кездесуде нақты нәтижелер мен алдағы міндеттер айтылды
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Жиын барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жағдайы және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында қолға алынған бастамалар талқыланып, нақты нәтижелер ұсынылды.
Кездесуде Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратов 2025 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Ол ауылдық округтің даму көрсеткіштеріне тоқталып, бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылғанын атап өтті.
Атап айтқанда:
-
Ауыл шаруашылығы саласына 1,8 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, жаңбырлатып суғару технологиялары енгізілді;
-
Егіншілік пен мал шаруашылығына қажетті заманауи техникалар жаңартылды;
-
Салық түсімдері жоспардан асыра орындалды;
-
Әлеуметтік әлсіз санаттағы 51 отбасыға әлеуметтік және демеушілік көмек көрсетілді;
-
Қосмезгіл, Шорнақ және Аша елді мекендерінде тас жол төсеу, көше жарықтарын жаңарту, спорт және ойын алаңдарын жөндеу, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді;
-
Округ бойынша 374 жас азамат әскер қатарына шақырылып, олардың бір бөлігі әскери борышын өтеуге аттанды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауылдың даму қарқыны мен жергілікті бастамалардың тиімді іске асып жатқанына оң баға беріп, инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғын үй, су, жол, жарық секілді мәселелерге ерекше назар аударылатынын жеткізді.
«Басты мақсат – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру. Шорнақ ауылдық округінде соңғы уақытта айтарлықтай оң өзгерістер байқалады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді аудан басшысы.
Кездесу соңында тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, шешімін күткен мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Аудан әкімі әрбір ұсынысты назарға алып, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.