ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС ӘКІМІ 276 ОРАМҒА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫН КӨРДІ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сәуле шағынауданы 276 орамды аралап, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын бақылады, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агентті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда 276 орамда инженерлік жүйелермен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Елді мекен ауыз сумен толық қамтылған. Сапалы электр жарығын жеткізу үшін құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Ұзындығы 76,2 шақырымдық ішкі орамдық желі тартылады. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы орындалған. Шілде айында қолданысқа беріледі. Нәтижесінде, 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туады. Ал табиғи газбен қамту үшін ішкі орамдық құбыр жүйесін тарту жұмысы осы жылдың шілде айында басталады. Қала басшысы жұмысты сапалы орындау керектігін айтты. Газ жүйелерінің ұзындығы – 28 шақырым. Жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Қаратау ауданында орналасқан Асар-2 елді мекенін сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2700- ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапты. Алайда, шағынауданда инфрақұрылым жобаларына енбеген мыңға жуық тұрғын үй бар.

Жыл соңына дейін қалған аумақтарды ауыз сумен қамту құрылысының ІІ кезеңі аяқталады. Қазіргі уақытта ішкі орам жүйелеріне құбыр тарту жұмысы атқарылып жатыр.

Шағынауданның қалған бөлігін мемлекеттік жүйедегі электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы биыл атқарылады. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Асар-2 ықшам ауданында кәріз құрылысы да қарқын алған. Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құраса, бүгінде оның 40 пайыздан астамы орнатылды. Нысан келер жылы қолданысқа беріледі.