ШОРНАҚ ЖӘНЕ ҚОСМЕЗГІЛДЕ АУЫЗ СУ ҚҰБЫРЫ ЖЕЛІСІН ҚҰРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Сауран ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың барысын бақылау үшін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ пен Қосмезгіл елді мекендеріне барып, су құбыры желісінің құрылысын тексерді. Жұмыс барысында әкім мердігер мекеме өкілдері мен жергілікті тұрғындармен кездесті және құрылыс сапасы мен мерзіміне қатысты нақты тапсырмалар берді.
Шорнақ елді мекенінде жүзеге асырылып жатқан жобада жалпы ұзындығы 50,34 шақырым болатын су құбыры желісі тартылуда, бұл желі арқылы 590 абонент таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал Қосмезгіл елді мекенінде 117,8 шақырым су құбыры желісін тарту жұмыстары жүріп жатыр, ол жергілікті тұрғындардың 1488 абонентін сапалы ауыз сумен қамтитын болады.
Аудан әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, барлық жұмыстардың мерзімінде сапалы орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, атқарушы билік пен құрылыс ұйымдары арасындағы байланысты нығайту мәселесіне ерекше мән берді.
– «Елді мекендердің ауыз сумен толық әрі тұрақты қамтылуы – біздің ең маңызды міндетіміз. Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Ендігі мақсат – жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтау. Бұл – халық алдындағы үлкен жауапкершілік», – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Су құбыры желісін тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, өзге де ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша ауқымды жоспарлар жүзеге асырылмақ. Аудан басшылығы бұл бағыттағы бақылауды тұрақты жүргізіп, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жобаларды одан әрі дамытуға ниетті.