ШАРДАРАДАҒЫ ІРІ ЖОБАЛАР
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Шардара ауданына келіп, өңірде жүзеге асып жатқан бірқатар құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты.
Іссапар барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев облыс әкімінің өкіліне туризм саласын дамытуға бағытталған бастамаларды, атап айтқанда жағажай инфрақұрылымына апаратын жол құрылысының барысын таныстырды. Қазіргі таңда жолды тегістеу және тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша келесі кезеңде асфальт төсеу және жағажай аумағына электр желілерін тарту көзделген.
ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР БАҚЫЛАУДА
Сапар аясында Шардара қаласындағы Өтеғұл шағын ауданында бой көтеріп жатқан 300 орындық жаңа жайлы мектептің құрылыс алаңына барды. Жауапты мердігер – «Ar Kua Group» ЖШС. Еркебұлан Дауылбаев мердігер компанияға жобаның сапасы мен мерзімдік кестесін қатаң сақтауды ескертіп, білім беру сапасын арттырудағы инфрақұрылымдық қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, Ж.Қолдасов көшесінде әлеуметтік әлсіз топтарға арналған 10 тұрғын үйдің құрылыс барысы қаралды. Аппарат басшысы аталған баспаналардың құрылыс сапасы мен инженерлік жабдықталуын жеке бақылауға алды.
ЭКОЛОГИЯ МЕН ИНВЕСТИЦИЯ – БІР МІНДЕТ АЯСЫНДА
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бұрын бей-берекет қоқыс орны болған №2 шағын ауданындағы аумақ бүгінде абаттандырылып, экологиялық талаптарға сай заманауи демалыс аймағына айналуда. Еркебұлан Дауылбаев бұл жұмыстардың қаланың келбетін жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Одан кейін «Болашақ» шағын ауданында жеке инвестор есебінен салынып жатқан 60 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Аппарат басшысы құрылыс барысына оң бағасын беріп, инженерлік желілердің сапалы тартылуын, құрылыс нормаларына сәйкестігін тағы бір мәрте ескертіп өтті.
БАСТЫ МАҚСАТ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН АРТТЫРУ
Сапар қорытындысында Еркебұлан Дауылбаев мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жүйелілігі мен сапасы облыс әкімінің ерекше бақылауында екенін айтып, аудан әкімдігіне барлық жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар – тұрғындар игілігі үшін жасалып жатқан игі қадамдар. Бұл – тек құрылыс емес, халықтың өмір сүру деңгейін көтеретін нақты нәтиже болуы тиіс», – деді Еркебұлан Дауылбаев.