ШАРДАРА: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТКІЗІЛДІ

Республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Шардара ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Таза әрі жайлы орта қалыптастыруды мақсат еткен іс-шараға 3957 адам қатысып, барлығы 997 дана ағаш көшеті отырғызылды.

Акцияның ресми бастауына аудан әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, тұрғындарға табиғатты аялаудың және қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын атап өтті. Сенбілікке ауданның ардагерлері, әлем чемпиондары, еріктілер мен мекеме қызметкерлері белсенді түрде атсалысты.

Шара барысында Шардара қаласының №2 мөлтек ауданындағы бұрын бей-берекет қоқыс тасталып келген аумақ демеушілердің қолдауымен абаттандырылып, «Еңбешілер» саябағына айналды. Сонымен қатар, елді мекендерді көгалдандыру мақсатында «Тұқым бақ» іске қосылып, жергілікті ағаш көшеттерін өсіру жұмыстары қолға алынды. Бұл бастама табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті дамыту және тұрғындарға қолайлы демалыс аймағын құру бағытында маңызды қадам болды.

Акция аясында сондай-ақ, «Шардара шаруашылық қызметі» коммуналдық мекемесіне қала мен ауылдық округтер аумағын жүйелі түрде тазарту үшін 15 дана арнайы техника табысталды. Бұл – тазалық саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің және қолдаудың нақты көрінісі.

Тазалық — тәртіптің бастауы, ал табиғатты аялау — келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Шардаралықтар осы қағиданы берік ұстана отырып, туған өлкені көркейтуге өз үлестерін қосуда.