Шардара индустриялық аймағы – агроөнеркәсіптің жаңа тынысы
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жұмыс сапарымен Шардара ауданына келді. Іссапардың негізгі мақсаты – партияның өңірлік бағдарламалары аясында жүзеге асып жатқан әлеуметтік және өндірістік жобалардың барысымен танысу, жергілікті халықтың өзекті мәселелерімен бетпе-бет жүздесу.
Сапар барысында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қаратунов партия төрағасына Шардара ауданында жүзеге асырылып жатқан маңызды инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде әлеуметтік, білім беру және өндірістік бағыттағы жұмыстардың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлар жөнінде толық баяндап өтті.
ӨНДІРІС – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ
Алтынсары Үмбетәлиев Шардара қаласындағы индустриялық аймаққа арнайы барып, «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауытының жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Руслан Қияшбаевпен кездесу барысында зауытты іске қосу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
А.Үмбетәлиев агроөнеркәсіптік бағыттағы жобалардың ел экономикасына және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға қосатын үлесі зор екенін атап өтіп, зауыттың тиімді әрі толық қуатында жұмыс істеуі үшін партия тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ – ПАРТИЯ БАСТЫ НАЗАРЫНДА
Сапар аясында партия төрағасы Өтеғұл шағын ауданында бой көтеріп жатқан 300 орындық жайлы мектеп құрылысының барысын көзбен көріп, нысанның сапасы мен құрылыс мерзіміне байланысты бірқатар ұсыныстар айтты. Ол құрылысқа жауапты мердігерге жұмыстың сапасына ерекше мән беруді, білім беру стандарттарына сай заманауи инфрақұрылым қалыптастыруды тапсырды.
«Білім – ұлттың болашағы. Балаларымыздың қолайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуы – біздің басты міндетіміз. Сондықтан мұндай нысандарға партия тарапынан тұрақты бақылау жүргізіледі», – деді Алтынсары Үмбетәлиев.
ПАРТИЯ МІНДЕТІ – ХАЛЫҚТЫҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУ
Жұмыс сапары соңында Алтынсары Үмбетәлиев партияның өңірлік өкілдерімен кездесіп, елімізде жүзеге асырылып жатқан партиялық жобалар, «Халықпен бірге!» бағдарламасының орындалу барысы, сондай-ақ жергілікті жердегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Бұл сапар – «AMANAT» партиясының жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді назарда ұстау, тұрғындардың сұраныстарына дер кезінде жауап беру және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарының нақты көрінісі болды.