ШӘУІЛДІРДЕ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП КЕЛЕДІ
Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан тұрғындарымен кездесу жиыны Шәуілдір ауыл округінде жалғасын тапты. Кездесу барысында аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алда тұрған міндеттерді атап өтті.
Жалпы Шәуілдір ауыл округінде іске асып жатқан жұмыстар аз емес. Ішкі көшелерді асфальттау, жарықтандыру, аяқжолдар салу, көгалдандыру, газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Бұл ретте тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назардан тыс қалмады. Мәселен бұған дейінгі кездесулерде Шәуілдір ауылындағы Д.Құрманбеков көшесіне тас төсеу туралы ауыл тұрғыны өтінішін айтқан болатын. Бүгінде аталған мәселе өз шешімін тауып, демеушілер есебінен Д.Құрманбеков көшесіне тас төселді. Мұнан бөлек Шәуілдір ауылындағы А.Маханбетұлы, С.Өтебеков көшелеріне «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ биылғы жылы республикалық бюджет есебінен Шәуілдір ауылындағы жаңа ықшам ауданда газ құбырын жүргізуге қаржы қаралып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Шәуілдір ауылындағы саябақтар мен көшелерді сәулеттік жарықтандыру жұмыстары басталды.
Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен облыста «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленген болатын. Жоба шеңберінде Шәуілдір елді мекенінен 600 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде.
Кездесуде ардагерлер Жұмахан Әбдіқадіров, Мария Белгібай, Төреәділ Тұрабаев аудан орталығы Шәуілдір ауылында атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын айтып, ризашылығын жеткізді. Көкейде жүрген мәселелер айтылып, орталық көшеде иесіз малдардың жүруі, ішкі көшелерді жарықтандыру, газ құбырларының ақауларын жөндеу үшін арнайы мамандардың қажеттілігі секілді сұрақтар бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиында аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов тұрғындардың иесіз малдардың көшелерде жүруін шектеу, балаларға ойын алаңшасын салу туралы өтініштеріне сәйкес аудан депутаттары тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті. Төраға өз сөзінде мал иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жауапты мекемелерге ескертілгенін, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен ойын алаңшасын салу жұмыстары ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
Кездесу соңында Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбек ел басқарып отырған азаматтардың алдағы істеріне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.