ҮШҚАЙЫҚ АУЫЛЫНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округінің С.Қожанов елді мекенінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 300 орындық жаңа білім ұясының құрылысы аяқталуға жақындап қалды. Қазіргі уақытта мектеп ғимаратында ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету жұмыстары да белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс нысанына арнайы барып, жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына жіті назар аударды. Сапар барысында мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар беріліп, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігі ескертілді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, мектептің айналасын абаттандыру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар атқарылуда. Қазіргі таңда мектеп аумағында автотұрақ салу, газ желілерін тарту, сумен жабдықтау жүйесін орнату, интернет желісіне қосу және сыртқы жарықтандыру жүйелерін ұйымдастыру жұмыстары толықтай орындалды.
Жаңа білім ордасы іске қосылған соң, ауыл оқушылары үшін заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасы қалыптасады. Кеңейтілген сынып бөлмелері, пәндік кабинеттер, кітапхана мен спорт зал – барлығы заманауи стандарттарға сәйкес жабдықталатын болады. Бұл білім мекемесі ауылдағы білім сапасын арттыруға үлкен үлес қосары анық.
Аудан басшылығы мектептің жаңа оқу жылына дейін толықтай пайдалануға берілетінін басты мақсат ретінде белгілеп отыр.