Сенімсіздік қайдан шығады?
МИГЕЛЬ АСТУРИАС «ОЙ – ТӘТТІ, ОЛ МИҒА БАЛ СЕБЕДІ» ДЕГЕН ҒОЙ. АРМАННЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ ЖҮРІП ТЕРЕҢІНЕН ОЙЛАУДЫ, ТҰҢҒИЫҒЫНА БОЙЛАУДЫ ҰМЫТЫППЫЗ. МИҒА БАЛ СЕБІЛМЕГЕНІ ДЕ, ОЙҒА ОЙ ҚОСПАҒАНЫ ДА, ТІПТІ ТҮЙСІГІН ОЯТПАҒАНЫ ДА АРАМЫЗДА ЖҮР, ҚАСЫМЫЗДА ЖҮР. СОЗБАЛАҚТАМАЙ СҰРАҚТЫ ТӨТЕСІНЕН ҚОЯЙЫН. МАҒЖАН СЕКІЛДІ МЕН ДЕ ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН. СІЗ ШЕ?
Қазір жастарды кінәлай кететіндер көп. Масыл, жалқау, ынжық. Талай атқа мінген ағалардың берген бағасы осы. Тағы да сенімсіздік, үрей, үмітсіздік бар. Көп жастардың бойынан һәм ойынан көргенім де осы. Үрей қайдан туады? Қоғамнан. Қоғам неге үркітті? Өйткені жастарға сенімсіздік танытты. Сенімсіздік қайдан шығады? «Ақыр соңында, шешімді бәрібір ересектер қабылдайды, жастар емес. Алайда сол жастар ертеңгі күні ересекке айналып, оларға да шешім шығаратын күн туады да, олар әлгі шешімдерге назар аударады. Міне сол кезде олар алдыңғы ересек ұрпақты дұрыс шешім қабылдағаны үшін мақтан тұтатындай болуы тиіс» дейді сингапурлық әйгілі саясаткер Ли Куан Ю. Шын және дәл айтқан.Сөз бөлек, іс бөлек. Сөзге сенсек, бес мың жыл бұрын Мысыр перғауыны «Жастар бұзылды. Жастар қоғамды бұзды» деп қабіріне жазғаны ойға оралады. Оралып қана қоймай, бұл сөзді әлі де еститініміз жүрекке қадалады. Ойлап көріңізші, жаман бала қайдан пайда болады? Үйдегі тәрбиеден, мектептен. Ал орта, қоғам ше? Міне, сауалдың дөп жауабы осы – қоғам. Қоғам бізге не үйретті? Енді әлгінде айтқан іске көшейік.
Адымыңды аттап бассаң – жемқорлық. Сол жақта – жауыздық. Оң жақта – әділетсіздік. Батыс бетте – жабылған жала. Шығысында – айтылған нала. Тұрақсыздық. Ел болып жік-жікке бөліну. Ажырасу. Көкек ана, әке. Тіпті ажал құштыру. Айтылғанда жүрегің тулайды, қаның қайнайды. Бірақ тоқтау жоқ, тоқтам жоқ. Мұндай қоғамнан жеріген бала не істейді? Әрине, құлтемірдің құлы болады. Мәңгүрттенеді. Содан тәрбие алады. Содан өрісін кеңейтеді. Әке де, шеше де сол – қалтафон. Ал сіз жастанып кітап оқыған баланы көрдіңіз бе? Газет-жорнал ше? Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған бұл құрылғың жас ұрпаққа қауіп боп төнген секілді ме, қалай?Газет және гаджет. Қазір газетті керек етпейтіндер көбейген. Өйткені орнын гаджет басты деп санайды. Бірақ сенімді көз қайда бар? Әрине, газетте. Біз өзімізді зайырлы елміз дейміз. Алайда құм жұтқандай үнсізбіз. Ақты ақ, қараны қара деп айтуға шамамыз жетпейді. Қорқыныш басым. Сын мен шынды қабылдай алсаң, еркін сөйлейсің, еркін ойланасың. Ойыңды ашық жеткізесің. Мүмкін жастардың ойын ашық жеткізе алмауына осы жабылған жақ кінәлі шығар?Ал қанат қайтсе қатаяды? Жаңаша ойлау, өмірге жарқын түспен қарау, тіршіліктің шығыршықтан шығуының бәрі жастардың меншігінде. Сенбесеңіз, тарихқа қараңыз. Әфсананың талайы жастардың қолымен жазылған. Ғылым да солай, ілім де солай. Жасымызды жасық етсек, мүсіркесек, даму жоқ, жарқын болашақ жоқ. Жас – сол жастықпен тоқтап қалмайды. Уақыт өте өмір ағымымен ауысып отырады, толқын жасарады. «Өй, қазіргі жастарың бұзылған» дейтіндердің барлығы да жас болған. Сол бір ғана сөз арқылы жас буынның жігерін жаншып жатқан жоқпыз ба?