Сауранда өзекті мәселелер нақты тапсырмалармен бекітілді
Сауран ауданында жергілікті билік тұрғындармен тиімді байланысты күшейтуге және әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын жүйелеуге баса мән беріп келеді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте осы бағыттағы өзекті мәселелер егжей-тегжейлі қаралды. Жиын барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің орындалу барысы мен халықпен кездесулерде көтерілген ұсыныс-тілектердің орындалу деңгейі басты назарға алынды.
Аппарат отырысында алғашқы болып Сауран аудандық емханасының бас дәрігері Бахыт Стамқұлов сөз алып, аудан аумағында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жүзеге асырылу барысы бойынша баяндама жасады. Ол сақтандыру жүйесіне тұрғындардың қатысу деңгейі, әсіресе әлі де сақтандырылмаған азаматтармен жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары туралы мәліметтерді ортаға салды. Бұдан бөлек, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жөніндегі көрсеткіштер де қамтылды.
Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын айта отырып, сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – бұл жай ғана қағаз жүзіндегі міндет емес, әр азаматтың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мемлекеттік бағдарлама. Сондықтан бұл жұмыс тек денсаулық сақтау мекемелерінің ғана емес, барлық сала өкілдерінің ортақ жауапкершілігіне айналуы тиіс. Халыққа сақтандырудың маңызын түсіндіру және олардың бұл жүйеге толық қатысуын қамтамасыз ету – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыс және аудан әкімдерінің хаттамалық тапсырмалары мен тұрғындармен кездесулер барысында айтылған ұсыныстардың орындалу барысы болды. Бұл туралы ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Ербол Насыр баяндама жасап, нақты мысалдар мен көрсеткіштерге тоқталды. Баяндамада тұрғындар тарапынан көтерілген инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау, жер мәселесі, ауыз су, электр жарығы сынды маңызды сұрақтардың шешім табу барысы жан-жақты сараланды.
Аудан әкімі әрбір тапсырманың артында нақты адам мен шынайы мәселе тұрғанын ерекше атап өтті. Мемлекеттік аппараттың негізгі мақсаты – тұрғындардың сеніміне селкеу түсірмей, олардың өмір сапасын арттыруға нақты іс-әрекет арқылы жауап беру. Әсіресе, халықпен кездесулерде көтерілген мәселелерді аяқсыз қалдырмай, мерзімінде әрі сапалы орындау – бұл әкімдік жұмысының басым бағыты екенін ескертті.
Жиын соңында аудан басшысы барлық бөлім және мекеме басшыларына көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жеке бақылауға алатынын жеткізді. Сонымен қатар, халықпен кері байланысты жүйелі жүргізу, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел әрі шынайы жауап беру қажеттігін қатаң түрде тапсырды. Бұл – тек әкімдік жұмысының сапасын арттыру ғана емес, елмен етене жақын, сенімді қатынас орнатудың тиімді жолы.