Саурандағы серпін: жаңа өндіріс алаңдары іске қосылуда

Түркістан облысы соңғы жылдары өндірістік әлеуетін күшейтіп, өңірлік экономиканы әртараптандыруға бет алған аймақтардың алдыңғы қатарында тұр. Өңірде кәсіпкерлікті жүйелі қолдау, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту арқылы әлеуметтік-экономикалық серпін беретін ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл – бір жағынан халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, екінші жағынан облыстың жалпы ішкі өнімін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Түркістан облысының әрбір ауданында индустриалды аймақтарды дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Жалпы құны 130,3 млрд теңге болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба облыстың түрлі индустриалды аймақтарында іске асыру сатысында. Бұл жобалар аясында 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылып, жұмыссыздық деңгейін төмендету мен мамандардың өңірде тұрақтап қалуына ықпал етеді деп күтілуде.

Аталған жобалардың тиімді іске асырылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің өзі тікелей бақылау жүргізіп келеді. Әкімнің тапсырмасына сай, индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде тек жобаларды қабылдау ғана емес, олардың инфрақұрылыммен толық қамтылуы, инженерлік желілерге қосылуы, логистика мүмкіндіктері, жер мәселесінің шешімі сияқты нақты практикалық сұрақтарға жүйелі жауап қарастырылған.

Бүгінде осы жобалардың жартысынан көбі нақты жүзеге асырылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылған. Бұл – мемлекеттік қолдау мен инвесторлар сенімінің үйлесімді нәтижесі. Жобалардың нәтижесінде үш мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, 2 млрд теңгеден астам салық түсімі облыс бюджетін толықтырып, әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрылым жобаларын қаржыландыруға жол ашты.

Облыс әкімінің бастамасымен әзірленген «Даму» өңірлік бағдарламасына енгізілген өзгерістер арқылы кәсіпкерлікті өрістетуге жаңа серпін берілді. Бағдарлама шеңберінде Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандары мен Шардара және Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылуда. Бұл бастама тек өндірісті ілгерілету үшін ғана емес, әрбір өңірде шағын және орта бизнесті көтеруге арналған нақты алаңдар ұсыну мақсатында жүзеге асырылуда. Одан бөлек, тағы төрт индустриалды аймақты құру немесе кеңейту бағытындағы жұмыстар да белсенді жүргізілуде.

Сауран ауданы соңғы уақытта өндірістік әлеуетімен ерекшеленіп, облыстағы экономикалық белсенді аудандар қатарына еніп отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жұмыс сапары аясында Сауран ауданындағы бірқатар өндірістік аймақтардың құрылысымен арнайы танысуы – бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығын көрсетеді. Иассы, Қарашық және Жүйнек ауылдық округтерінде индустриалды инфрақұрылым нысандары бой көтеріп келеді. Бұл нысандар ауданға инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканың серпінді дамуына негіз қалайды.

2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында бес өндірістік аймақты іске қосу жоспарланған. Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде жалпы 55 гектарға жуық жер бөлініп, онда 115 инвестициялық жобаны орналастыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда 60 кәсіпкермен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Оның ішінде 30-ы құрылыс жұмыстарына кірісіп кеткен. Бұл – ауданның кәсіпкерлік әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді.

Иассы ауылдық округінде орналасқан өндірістік алаң – Саурандағы жаңа экономикалық белсенділіктің жарқын мысалы. Аумағы 9 гектарды құрайтын бұл алаңда жиһаз өндіру, спорттық құрал-жабдықтар жасау, жол белгілерін шығару, тігін өндірісі және қағаз өнімдерін өңдеу сияқты әртүрлі бағыттағы кәсіпорындар іске қосылмақ. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда 600-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұл көрсеткіш – тек экономикалық өсімнің ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да айғағы.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өндірістік нысандарды аралау барысында: «Индустриалды аймақтар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі», – деді.

Сапар барысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, өндірістік аймақтарға инженерлік инфрақұрылым жеткізуді жеделдету, абаттандыру жұмыстарын жүргізу, көгалдандыру және логистикалық қолжетімділікті арттыру міндеттелді. Сонымен қатар аймақтардың заманауи талаптарға сай болуын қамтамасыз ету – негізгі басымдық ретінде белгіленді.

Жалпы алғанда, индустриалды аймақтарды дамыту – бұл өңірлік саясаттың стратегиялық бағыты. Түркістан облысы бұл бағытта нақты нәтижеге жұмыс істеп отыр. Инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуы мен олардың әлеуметтік-экономикалық әсері алдағы уақытта өңір тұрғындарының өмір сапасына тікелей ықпал ететін болады.