Сауран: Өсу, өркендеу және тұрақты даму кезеңі

Сауран ауданы 2024–2025: Өсу, өркендеу және тұрақты даму кезеңі. 2024 жыл Сауран ауданы үшін нақты нәтижелер мен жаңа белестерге толы жыл болды. Бұл кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты қарқынмен жүріп, әр салада айтарлықтай өсім байқалды. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 2024 жылы 119,2 млрд теңгені құрап, экономика салаларының алуан түрлілігі мен тұрақтылығын көрсетті.

Кәсіпкерлік пен индустриядағы жаңалықтар. Сауран ауданында кәсіпкерлік – дамудың негізгі қозғаушы күші ретінде қалыптасуда. Шаға ауылдық округінде 30 гектар аумақты қамтитын өндірістік парк жұмыс істеп, индустрияға тың серпін берді. 2024 жылы 10 кәсіпорын жұмыс істесе, жыл соңына дейін тағы 29 өндіріс ашылады деп жоспарлануда. Бұл жобалардың жалпы инвестициялық көлемі 100 млрд теңгеге жуықтап, 1 500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Сонымен қатар, Қарашық, Иассы, Шорнақ, Үшқайық және Жүйнек ауылдарында шағын цехтар салу бойынша жоспарлар жүзеге асуда. Қазірге дейін 60 кәсіпкермен меморандумға қол қойылып, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту арқылы 1 094 жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы — аудан экономикасының жүрегі. 2025 жылдың басынан бері ауылшаруашылығы саласында 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 102 млрд теңгеге жетуі жоспарланған. Осы мақсатта аудан аумағында 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, Шаға ауылдық округінде келесі жылы «Eco-Chiken» ЖШС ет бағытындағы құс фермасын іске қосу жоспарланып отыр. Жоба құны — 2,5 млрд теңге. Бұл өндіріс толық іске қосылғанда, облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін экспорттау мүмкіндігі ашылады.Сонымен бірге, «Ақ Сауран» ЖШС-нің құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумақта жаңбырлатын суару жүйесі орнату жобасы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері де ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай үлес қосады.2023 жылы аудандағы жалпы егістік көлемі 43,6 мың гектарды құрап, ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар 15,7 млрд теңгеге жетті. 2025 жылы сүт фермалары, бордақылау кешендері, жылыжайлар мен басқа өндірістік нысандарды іске қосу арқылы өнімділікті арттыру және ауылды жаңғырту көзделуде.

Мал шаруашылығының өсімі. 2024 жылы ауданның мал басы 488,1 мыңға жетіп, құс саны 112,9 мың басты құрады. Ет өндірісі 12,7 мың тонна, сүт өндірісі 21,7 мың тонна, жұмыртқа өндірісі 7,5 млн дана деңгейінде болды. Бұл көрсеткіштер мал шаруашылығының өткен жылмен салыстырғанда 103,3%-ға өскенін білдіреді.

Ауданның 12 ауылдық округінде 231 гектар жерге 196 мал бордақылау алаңы белгіленіп, 20 шаруашылық құрылыс жұмыстарын бастады. Бұл мал шаруашылығының тұрақты дамуын және агросектордың нығаюын қамтамасыз етеді.

Инвестициялар — өңірдің экономикалық тірегі. 2024 жылдың басынан бастап ауданда экономикаға тартылған инвестиция көлемі 66,4 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылға қарағанда 215,9%-ға артық. Қаржы инфрақұрылымды жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.

2030 жылға дейін ауданның даму жоспары үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асады. Бұл кезеңге дейін 209,3 млрд теңге көлемінде 254 инвестициялық жоба іске қосылып, 4 162 жаңа жұмыс орны ашу жоспарланған.2025 жылдың соңына дейін медициналық жиһаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдары, тамақ өнімдері және басқа тауарларды шығаратын 30 өндірістік орын ашылады деп күтілуде. Бұл жобаларға салынатын инвестиция көлемі 100 млрд теңгеге жуықтап, 1 500 жаңа жұмыс орны пайда болады.

Туризм — тарихи және мәдени байлықты дамыту. Сауран ауданында 54 тарихи нысан бар, оның үшеуі республикалық маңызға ие: Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі және Жүсіп ата кесенесі. Өткен жылы өңірге туристер саны 100 мыңға жуықтап, бұл сала жыл сайын өсіп келеді.

Туризмді одан әрі дамыту үшін 2025 жылы жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 164 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округінде минералды су көздерін пайдалану мақсатында емдік-сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі бөлінген. Алдағы уақытта 14 жоба іске асып, 5 млрд теңге инвестиция тартылмақ.

Инфрақұрылымдық жаңғырту. Аудан аумағында 33 елді мекеннің 32-сі ауыз су жүйелерімен қамтылған. 2024 жылы 14 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы және Егізқара елді мекендерінің ауыз су жүйелері толық жаңартылып, 24 сағат сумен қамтамасыз етіледі.

Электр жүйесін жаңарту да белсенді жүріп жатыр. 2024 жылы жергілікті бюджеттен 56 трансформатор ауыстырылып, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің қаражатына 17 шақырым электр желілері жаңартылып, 4 трансформатор орнатылды. Биыл қосымша 12 трансформатор бюджет есебінен орнатылады, ал компания есебінен 5 трансформатор және 13 шақырым электр желілері ауыстырылады.Газбен қамту көрсеткіші 43,3%-ға жеткен. 2025 жылдың соңына дейін қосымша 1 790 абонент қосылып, газбен қамту 45,6%-ға жетеді. Қарашық пен Жүйнек ауылдарында 5,6 млрд теңгеге магистральды газ құбыры салынып, Оранғайда 2,4 млрд теңгеге ішкі газ желісі іске қосылады. Бұдан бөлек, 11 ауылға газ тарту жобалары республикалық бюджетке ұсынылды.

Әлеуметтік қолдау және тұрғын үй құрылысы. 2024 жылы 6 223 адам әлеуметтік қолдаумен қамтылып, жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға төмендеді. Ауданда әлеуметтік көмекке 172,2 млн теңге бөлініп, 2 780 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Оңалту бағдарламаларына 2 466 адам қатысып, 502 зейнеткер сауықтыруға жолдама алды.

Оранғайда 200 орындық жаңа әлеуметтік орталық ашылды, ал 2025 жылдың 1 шілдесінде 50 орындық балалар орталығы жұмыс істей бастайды.2024–2025 жылдар Сауран ауданы үшін өсім мен өркендеудің кезеңі болды. Инвестиция тарту, кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығын жаңғырту, инфрақұрылымды жақсарту және әлеуметтік қолдауды күшейту арқылы өңір тұрақты дамудың нақты үлгісін көрсетті. Алдағы жылдарға аудан жаңа белестерді бағындырып, экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыра түседі.