САУРАН: ҮШҚАЙЫҚТА ЖАҢА ӨНДІРІСТІК АЙМАҚ ҚАЛЫПТАСУДА

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан жаңа индустриялық аймақтың жұмысымен танысты. Ауқымды жобаның басты мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту, өндірісті шоғырландыру және жаңа жұмыс орындарын құру.

18 гектар аумақта бой көтеріп жатқан бұл өндірістік аймаққа қазіргі таңда 37 жоба орналастыру көзделген. Оның ішінде жиһаз өндірісіне бағытталған бірқатар кәсіпорын құрылыс жұмыстарына кірісіп кеткен. Бұл аймақ болашақта ауданның экономикалық локомотивіне айналмақ.

Аудан басшысы жұмыс сапары аясында құрылыс барысын жіті қарап, инвестор-кәсіпкерлермен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Әкімдік тарапынан инфрақұрылым тарту, инженерлік желілерді жеткізу, рұқсат құжаттарын рәсімдеуде және мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалануда толыққанды көмек көрсетілетіні жеткізілді. Атап айтқанда, су, жарық, газ және жол инфрақұрылымы кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі.

Мақсат Таңғатаров өз сөзінде өндірістік аймақтың өңір үшін стратегиялық маңызына тоқталды:

«Шағын және орта бизнесті дамыту – біздің басым бағытымыздың бірі. Үшқайық ауылындағы өндірістік аймақтың қалыптасуы – Сауран ауданының индустриялық әлеуетін арттыратын маңызды қадам. Бұл жерде жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың табысы артады, сондай-ақ ауданның салық түсімі көбейеді», – деді аудан әкімі.

Жоба толық іске қосылғанда ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, кейбір өндіріс түрлері экспорттық әлеуетке де ие болады деп күтілуде. Сонымен қатар, индустриялық аймаққа жасалатын жүйелі қолдау Сауран ауданының кәсіпкерлік климатын жақсартып, өңір экономикасын әртараптандыруға сеп болмақ.