САУРАН САПАРЫ: ТҮРКІ ӘЛЕМІ МЕН ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ҮЙЛЕСІМІ
Сауран ауданына Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы арнайы іссапармен келіп, өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысты. Бұл сапар бауырлас түркі халықтарының ортақ тарихи тамырларын ұлықтау, мәдени құндылықтарды сақтау және кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.
Мәртебелі қонақтар алдымен XII-XVIII ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне Сауран қалашығына барды. Бұл шаһар орта ғасырлардағы сауда, қолөнер және мәдени-рухани орталық ретінде ерекше маңызды болған. Қаланың ерекше қорғаныс жүйесі — сыртқы дуалдарымен қоршалған тұтас кешені — оның стратегиялық рөлін айғақтайды. Қаланың сәулет-архитектуралық қалдықтары мен археологиялық нысандары қазақ даласындағы ортағасырлық өркениеттің ұлы мұрасы ретінде сақталып келеді.
Делегация мүшелері тарихи орындармен танысу барысында тек сәулет және археологияға ғана емес, сонымен қатар қазақтың дәстүрлі мәдениетіне де ерекше көңіл бөлінді. Қазақтың ұлттық киімдері мен қолөнер бұйымдары көрсетіліп, киіз үй тігіліп, қазақтың бай қонақжайлығы айқын көрініс тапты. Сонымен қатар, түркі халықтарына ортақ ұлттық ойындардың бірі — садақ ату жарысы ұйымдастырылып, бұл дәстүрдің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқандығы дәлелденді.
Мұндай мәдени іс-шаралар түркі дүниесінің ортақ рухани құндылықтарын сақтау мен насихаттауға қызмет етеді. Сауран ауданының тұрғындары мен қонақтары арасындағы мәдени диалог — ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ел бірлігін әрі қарай арттыруға мүмкіндік береді.
Сапар соңында аудан әкімдігі делегацияға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері, әлеуметтік және мәдени даму бағыттары туралы толық ақпарат беріп, алдағы уақытта бірлескен жобаларға қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Бұл іс-шара бауырлас елдер арасындағы тарихи-мәдени және экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге тың серпін береді деп күтілуде.