САУРАН: С.ҚОЖАНОВТА АУЫЗ СУ ҚҰБЫРЛАРЫ ЖАҢАРТЫЛУДА
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Үшқайық ауылдық округіне барды. Сапар аясында С.Қожанов елді мекенінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, елді мекенді таза ауыз сумен қамту бағытында қолға алынған жобаның жүзеге асу барысын бақылап қайтты.
Елді мекенде тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның тапсырыс берушісі — Сауран ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-сі. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Жалпы ұзындығы 20,9 шақырым болатын су құбыры толығымен жаңартылып, 235 абонентке таза ауыз су үздіксіз жеткізілетін болады. Сондай-ақ, 2 мектеп, 1 балабақша, мешіт және зертхана сияқты әлеуметтік нысандар да сапалы сумен қамтамасыз етіледі.
Аудан басшысы құрылыс нысанына барып, мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, жұмыс сапасына қатысты нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жобаның мерзімінде және сапалы орындалуын қадағалауды жауапты сала басшыларына жүктеді.
Бұл жоба – халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге, тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Су — тіршіліктің көзі. Сондықтан аудан әкімдігі тарапынан ауыз сумен қамту мәселесі әрдайым басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып келеді.
Айта кетейік, С.Қожанов елді мекеніндегі бұл жоба — Сауран ауданында халықтың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі болып отыр.