САУРАН: ҚҰМТҮЙІНДЕ 1988 ЖЫЛҒЫ АЗАМАТТАР БІР ОТБАСЫҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТҮЙІНІ БОЛЫП БАСПАНА СЫЙЛАДЫ
Бүгін Құмтүйін ауылында ерекше әрі жылы жүректі іс-шара өтті. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» ұранымен ұйымдастырылған бұл шарада 1988 жылы туған Сауран ауданының азаматтары бірігіп, бір отбасыға тұрғын үй сыйлады. Бұл игі бастама аудан тұрғындары арасында үлкен құрметке ие болып, көптеген жүректерге үміт пен сенім ұялатты.
Тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде табысталу рәсіміне Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы Таңғатаров және Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Тоймаханұлы Сүлейменов арнайы қатысып, қайырымдылық жасаған азаматтарға алғыстарын білдірді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде:
«Қазақ халқы “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді. Бүгінгі игі іс – соның айқын дәлелі. Бірлік пен жанашырлық – елдігіміздің негізгі тірегі. Сіздердей жүрегі кең, жомарт азаматтардың арқасында ауданымызда осындай сауапты істер жалғасып келеді. Бұл тек бір отбасыға берілген баспана емес, қоғамдағы ізгіліктің көрінісі», – деді.
Бұл баспана толықтай жергілікті азаматтардың қаржылай және ұйымдастырушылық қолдауымен салынып, ішкі интерьерімен де толықтай жабдықталды. Қайырымдылық шарасына белсенді қатысқан жандарға аудан басшысы арнайы Алғыс хаттар табыс етті.
Айта кету керек, бұл қайырымдылық бастамасы 2024 жылы қолға алынған болатын. Сол жылы алғашқы тұрғын үй табысталып, биыл тағы бір отбасы жаңа қонысына ие болып отыр. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл игі іс әрі қарай да жалғасын тауып, аудандағы басқа да тұрғындарға үлгі болады деген сенім бар.
Осылайша, 1988 жылғы азаматтардың бірлігі мен мейірімділігі Құмтүйін ауылындағы отбасының өмірін түбегейлі өзгертті. Бұл іс аудандағы қайырымдылық дәстүрінің жаңғыруы мен нығаюының жарқын көрінісі болып табылады.