САУРАН: БОСТАНДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНІН ЭЛЕКТРМЕН ҚАМТУ ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінде электрмен жабдықтау құрылысының басталуымен танысты. Бұл маңызды жоба тұрғындарға сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған нысан Бостандық елді мекенінің инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрмыстық және өндірістік қажеттіліктерді ескеретін электр желілерін тарту мақсатында қолға алынған. Жобаның тапсырыс берушісі ретінде Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі белгіленді. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме ретінде «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС жүзеге асыруда. Сонымен қатар, жобаның сапасын қамтамасыз ету үшін техникалық қадағалаушы болып «AveNiu» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы ретінде «Оңбестпроект» ЖШС тағайындалған.
Жоба толық аяқталғаннан кейін Бостандық елді мекені тұрғындары үшін тұрақты және сапалы электр энергиясына қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтуға үлкен серпін береді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс нысанының барысын жеке бақылап, мердігер мекемеге сапа талаптарын қатаң сақтау және жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау туралы нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының тиімді ұйымдастырылуы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалау мәселелері ерекше назарға алынды.
Бостандық елді мекенін электрмен қамту жобасының жүзеге асырылуы Сауран ауданының әлеуметтік-инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып табылады және ауданның жалпы даму стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылады.