Сауран ауданының дамуына бағытталған маңызды сессия өтті
Сауран ауданында аудандық мәслихаттың кезекті 33-сессиясы өтті. Маңызды мәселелер қаралған бұл жиынды аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев ашып, жүргізді. Сессия жұмысына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, сондай-ақ аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелер мен ұйым басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессияда 12 өзекті мәселе қаралды. Жиында 2024 жылғы аудандық және ауылдық округтер бюджеттерінің орындалуы туралы есептер тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды. Сонымен қатар сессия барысында аудандағы құқық қорғау саласы, санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, жер кадастры, кәсіпкерлік пен туризмді дамыту, мәдениет және спорт, жастар саясаты, экология сияқты негізгі салалар бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасалды.
Ауыл әкімдерінің есептері тыңдалды. Сессия барысында Ескі Иқан, Үшқайық, Жібек жолы және Жүйнек ауылдық округтерінің әкімдері өз округтерінде атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты шаралар мен жоспарларын ортаға салды.
Аудан әкімі нақты тапсырмалар жүктеді. Сессияның қорытынды сөзінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров барлық баяндамашылардың есептерін саралай келе, мемлекеттік бағдарламалар мен ауданның даму жоспарларының сапалы және тиімді орындалуына баса назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар ол жергілікті жерлердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешу жолында барлық тиісті тараптардың бірлесе жұмыс істеу қажеттігін ерекше атап өтті.
Ұсыныстар мен сұрақтар талқыланды. Жиын барысында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен сұрақтар қойылып, олар бойынша жауаптар берілді. Алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстардың сапасын арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында нақты тапсырмалар мен бағыттар белгіленді.