Сауран ауданында заманауи зауыттар мен кәсіпорындар саны артып келеді
Түркістан облысы – еліміздің оңтүстік бөлігіндегі ірі экономикалық және аграрлық орталықтардың бірі. Осы аймақтағы Сауран ауданы бүгінде өңірдің индустриялық дамуында ерекше орын алып, жаңа кәсіпорындар мен өндірістік кешендер салу арқылы экономиканы жандандырып отыр. Әсіресе, «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлік пен өндірістің дамуы ауданның әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесін түбегейлі өзгертуде.
Сауран ауданындағы өндірістік парк жобасы облыс әкімінің ерекше бақылауында. Нұралхан Көшеров өз жұмыс сапарларының бірінде парктегі құрылыс және өндірістік жұмыстардың барысын мұқият қарап, жауапты тұлғаларға кешігудісіз және сапалы жұмыс істеуді міндеттеп, жобаны жеделдету туралы нақты тапсырмалар берді. Бұл — өңірдегі өндірістік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінгенінің айқын белгісі.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін беретін бұл жоба 100 гектар аумақты қамтиды. Оның І және ІІ кезеңінде 152 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Бұл ғимараттарға 308 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Жобаның маңыздылығы сонда, ол 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осы жоба аясында 11 кәсіпорын өз жұмысын бастады, олардың арқасында 790 жаңа жұмыс орны пайда болды. Биыл тағы 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жаңа жоба іске қосылады деп күтілуде. Осы шаралардың нәтижесінде қосымша 136,8 млрд теңге инвестиция тартылады және 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Мұның өзі Сауран ауданының ғана емес, бүкіл Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттырудағы зор қадам болып табылады.
Өндірістік парк аумағында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың түрлері де көпқырлы және сұранысқа ие өнімдерді шығару бағытында құрылуда. Мәселен, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыттар ауыл шаруашылығына үлкен көмек көрсетуде. Ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған тракторлар мен сэндвич панельдерін өндіретін кәсіпорындар да жұмыс істейді. Бұл өнімдер өңірдегі инфрақұрылымдық және аграрлық дамудың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге Сауран ауданында кеңсе, мектеп және медициналық мекемелерге арналған жиһаздар өндірілетін зауыттар жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындар аймақ тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, облысқа және көрші өңірлерге де жеткізу мүмкіндігін арттырады. Ішкі есіктер өндірісі, сондай-ақ медициналық жабдықтар шығару – ауданның өндірістік портфелін әртараптандырып, жаңа технологиялардың енгізілуіне жол ашады.
Инновациялық даму мен цифрландыруға ерекше мән берілген аймақта қытайлық «Avatar Agricultural Technology Development» компаниясы ауыл шаруашылығы дрондарын өндіретін зауытты іске қосу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жоба ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды қолдану арқылы өндірістік тиімділікті арттыруға және өңірдің аграрлық секторын цифрландыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы дрондары суарманың тиімділігін арттырып, тыңайтқыштарды нақты мақсатқа жұмсауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнімділіктің өсіп, ауыл шаруашылығында шығындардың азаюына септігін тигізеді.
Сонымен қатар, өндірістік парк аумағында сусыздандырылған көкөністер мен жемістерді өндіретін, электромагниттік шығын өлшегіштерді, өнеркәсіптік суды өшіру клапандарын, жиһаз және басқа да өнімдерді шығаратын кәсіпорындар ашу жоспарлануда. Бұл кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, жергілікті өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының табысты тәжірибесі Сауран ауданынан бөлек, облыстың басқа аудандарына да таралуда. Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және Сарыағаш аудандарында осындай шағын өндірістік парктер құруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркі құрылып жатыр, мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытуда. Сонымен қатар, Сауран ауданына қарасты Иассы, Қарашық, Үшқайық және Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарда. Қазіргі уақытта 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Түркістан облысында инфрақұрылыммен толық қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк және 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аумақтарда жалпы 52 кәсіпорын өз жұмысын жүргізуде. Қазіргі таңда 195,4 млрд теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығының, экономикалық өсуінің айқын көрінісі.
Сауран ауданының өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша ықпал етеді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы – жұмыссыздықтың төмендеуіне, халықтың табысының артуына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, бұл өңірдің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында жаңа технологиялардың енгізілуіне, инновациялардың кеңінен таралуына септігін тигізеді.
Облыс әкімінің ұдайы қолдауы мен стратегиялық жоспарлары арқасында Сауран ауданы өндірістік даму бағытында тұрақты және табысты өсу жолында. Бұл аймақтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы, экономикалық көрсеткіштердің артуы және инвестициялық климаттың жақсаруы Түркістан облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуына үлес қосады.