САУРАН АУДАНЫНДА «ҚЫЗМЕТ АЛУШЫЛАР КҮНІ» АТТЫ КЕҢ АУҚЫМДЫ ІС-ШАРА ӨТКІЗІЛДІ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен және Түркістан облысындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі шаралар аясында Сауран ауданында «Қызмет алушылар күні» атты кең ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шара «Сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған қадамдық жоспар» негізінде өткізілді. Басты мақсат – азаматтарға мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі қолжетімді түрде ұсыну, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы кері байланысты күшейту.

Аталған шараға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Түркістан облыстық филиалының Сауран аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімі мен Сауран аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің мамандары қатысты. Мамандар азаматтарға тұрғылықты жері бойынша тұрақты және уақытша тіркеу, қандас мәртебесін алу, жеке басты куәландыратын құжаттарды рәсімдеу, сондай-ақ шетелге шығуға қажетті құжаттарды дайындау бойынша жан-жақты кеңес берді.

Сондай-ақ, азаматтар электрондық үкімет порталы, eGov Mobile, Telegram-боттар, ХҚО арқылы қызмет алу жолдары, онлайн тіркеу және кезек алу, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу тәртібі сынды өзекті мәселелер бойынша ақпарат алды. Мамандар әрбір тұрғынның нақты сұрағына жедел әрі толыққанды жауап беріп, қажет болған жағдайда құжаттарды рәсімдеу бойынша практикалық көмек көрсетті.

Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті әзірлеген ақпараттық брошюралар мен жадынамалар таратылды. Онда азаматтар үшін пайдалы мәліметтер – мемлекеттік қызметтердің түрлері, оларды алу тәртібі, өтініш беру және шағымдану жолдары қамтылған. Бұл материалдар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, әсіресе қызмет көрсетудің электронды форматтарына көшу процесін жеңілдетуге бағытталған.

Іс-шара Сауран ауданы тұрғындары тарапынан ерекше қызығушылыққа ие болды. Азаматтар ашық диалогқа қатысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Аудандық әкімдік өкілдері тарапынан келіп түскен барлық ұсыныс-пікірлер тіркеліп, әрі қарайғы іс-шаралар жоспарына енгізу үшін талдауға алынды.

«Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматқа сапалы қызмет көрсету. Мемлекеттік қызметтерді алу жолын жеңілдету арқылы біз халықтың өмір сүру сапасын арттыруға нақты үлес қосамыз», – деп атап өтті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілдері.

Қорытындылай келе, бұл іс-шара тек ақпараттық-түсіндірумен ғана шектеліп қоймай, тұрғындардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған тиімді алаңға айналды. Мұндай форматтағы кездесулер Сауран ауданының әртүрлі ауылдық округтерінде де тұрақты түрде өткізіліп отырады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға және халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.