Сауран ауданындағы жүйелі басқару: Аппараттық жиында нақты тапсырмалар берілді

Сауран ауданында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында кезекті апталық аппараттық жиналыс өтті. Жиын аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылды. Бұл жолғы жиналыс та өз дәстүрінен жаңылмай, нақты мәселелерді көтеріп, тиісті шешім қабылдауға бағытталды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен сала мамандары, сондай-ақ түрлі құрылым өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі екі мәселе бойынша баяндамалар тыңдалып, нақты тапсырмалар берілді.

Үшжақты келісім – дамудың негізгі құралы. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – облыс әкімдігі бекіткен үшжақты келісім аясындағы 2025 жылдың І жартыжылдығына арналған жоспардың орындалу барысы болды. Бұл келісім ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басты құжаты ретінде қарастырылады.

Аталған бағыттағы жұмыстар жайлы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бектөре Ешжан баяндама жасап, атқарылып жатқан іс-шаралар мен межеленген жұмыстар туралы нақты деректерді ортаға салды. Ол әр бағыт бойынша көрсеткіштердің орындалу деңгейіне жеке тоқталып, нәтижелі жұмыстар мен бірқатар мәселелерге де назар аудартты. Бұл жоспар ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс көлемін арттыру, өнімділікті көтеру, инвестиция тарту және кооперацияны кеңейту секілді маңызды бағыттарды қамтиды.

Мешіттерді заңдастыру – рухани тұрақтылық кепілі. Жиын барысында қаралған екінші маңызды мәселе – мешіттердің құжаттарын заңдастыру жұмыстары болды. Бұл мәселе бойынша ішкі саясат бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Марат Қалеке баяндама жасап, аудан көлеміндегі мешіттердің құқықтық мәртебесін заңдастыру барысымен таныстырды.

Баяндамадан белгілі болғандай, кейбір діни нысандарда құжаттамалық мәселелер бар, ал кейбір мешіттер тіркеуден мүлде өтпеген. Бұл – тек құжат мәселесі ғана емес, сонымен қатар діни тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды тетік. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды ширату керектігін ескертіп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Аудан әкімі: “Жауапкершілік – әр басшының күн тәртібіндегі басты міндеті”. Аппараттық жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров барлық сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың орындалу мерзімі мен сапасына ерекше назар аударды.

“Әрбір бағыт бойынша бекітілген іс-шаралар толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Бізге тек есеп емес, нақты нәтиже керек. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар уақытылы әрі сапалы орындалуы қажет. Бұл – әр басшының күн тәртібіндегі басты міндеті”, – деді аудан басшысы.

Жиын барысында әр сала бойынша жеке іс-шаралар жоспары бекітіліп, оларды орындау мерзімі мен жауаптылары нақтыланды. Сонымен қатар есеп беру жүйесі мен ішкі бақылау тетіктерін күшейту туралы тапсырма берілді.

Басқару тиімділігі – нақты нәтижеден көрінеді. Аппараттық жиын барысында көтерілген мәселелер мен берілген тапсырмалар ауданның жүйелі әрі мақсатты басқарылып отырғанын көрсетеді. Мұндай кездесулер салалар арасындағы үйлесімділікті арттырып, жергілікті басқару құрылымдарының тиімділігін көтеруге ықпал етеді. Аудан басшылығының бастамалары мен қатаң бақылауы – мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына негіз болады.

Сауран ауданы алдағы уақытта да даму қарқынын бәсеңдетпей, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты істерді жүзеге асыруға ниетті. Бұл жолда әкімдік аппараты мен жергілікті басқару құрылымдарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.