САУРАН АУДАНЫ: ҮШҚАЙЫҚ АУЫЛЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ДАМЫП КЕЛЕДІ
2025 жылдың І жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Үшқайық ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен кезекті есептік кездесу өткізді. Жиын барысында аудан басшысы ауыл өмірінің өзекті мәселелеріне назар аударып, тұрғындар көтерген ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдады.
Кездесуді округ әкімі Болат Сенбеков ашып, соңғы кезеңде атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға жоспарланған іс-шаралар бойынша жан-жақты баяндама жасады. Әкімнің айтуынша, Үшқайық ауылдық округінде инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саланы қолдау бағытында бірқатар нақты қадамдар жасалған.
Инфрақұрылым – басты назарда. Ауыл тұрғындарының көптен бергі мәселесі – ауыз су жүйесінің жаңғыртылуы кезең-кезеңімен шешімін табуда. 2024 жылы басталған қайта құру жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар сапалы және үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіле бастады. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасып, толықтай аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, жарықтандыру және интернет желісімен қамту мәселелері де күн тәртібінде тұр. Ауыл көшелеріне жарық шамдарын орнату, интернет жылдамдығын арттыру бойынша тиісті сала мекемелерімен бірлесіп шешу жолдары қарастырылуда.
Әлеуметтік салаға серпін берілмек. Кездесу барысында білім беру саласына да ерекше назар аударылды. Ауылдағы мектептер мен оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, оқушылардың қауіпсіз және қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету – әкімдік үшін басым міндеттердің бірі ретінде белгіленді.
Тұрғындар білім беру сапасын арттыру, мұғалім тапшылығы, оқушыларды тасымалдау, сонымен қатар жастарды жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Бұл өтініштер бойынша аудан әкімі жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, әрбір мәселенің орындалу барысы әкімдік бақылауына алынатынын жеткізді.
Аудан басшысы Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінің әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, келесі бағыттар бойынша нақты жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді:
-
Ауылішілік жолдарды жөндеу және жарықтандыру желілерін кеңейту;
-
Инфрақұрылымдық жобалар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу;
-
Жастарға арналған шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсету тетіктерін енгізу;
-
Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру;
-
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған шағын өндіріс нысандарын ашу.
«Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Барлық сала бойынша жүйелі жұмыс жалғасын табатын болады», — деді аудан әкімі өз сөзінде.
Жалпы, Үшқайық ауылдық округі Сауран ауданының даму бағытындағы маңызды елді мекендерінің бірі ретінде инфрақұрылымдық, әлеуметтік және экономикалық тұрғыда айтарлықтай серпін алып келеді. Халық пен билік арасындағы ашық диалог негізінде нақты нәтижелерге қол жеткізуге басымдық берілуде.