САУРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ОРАНҒАЙ АУЫЛЫНДА ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ

2025 жылдың І жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Басқосуда ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылым жайы және алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды. Жиынға ауыл тұрғындарымен қатар, аудандық әкімдік өкілдері, дербес бөлім басшылары қатысты.

Кездесу барысында Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық 2025 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, нақты нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, ауылдық округте салықтық түсімдер жоспары артығымен орындалған. Атап айтқанда:

  • Мүлік салығы – 102,7%

  • Жер салығы – 788,9%

  • Көлік салығы – 255,0%

Сондай-ақ, 247 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Ауыл шаруашылығы саласында 2 900 гектар жер игеріліп, 1,45 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Округ бойынша 169 шаруа қожалығы 2 975 гектар алқапқа егін еккен. Сонымен қатар, округте 101 жеке кәсіпкер, 34 коммерциялық нысан және 169 шаруа қожалығы белсенді жұмыс істеуде.

Тұрғындармен еркін форматта өткен кездесуде бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Олардың қатарында:

  • ауылішілік жолдарды жөндеу

  • жол белгілерін орнату

  • жаңа әлеуметтік нысандар салу

  • балалар ойын алаңдарын көбейту

  • жер телімдерін бөлу мәселесін шешу

  • шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсету сынды ұсыныстар бар.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауылда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, тұрғындармен өзара сенім мен серіктестік негізінде жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындар көтерген барлық ұсыныстар назарға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді.