Сауран ауданы кәсіпкерлері Түркиямен әріптестік орнатуға қадам жасады

Саурандықтар Түркияның өндірістік орталықтарымен тығыз әріптестік орнатуға қадам жасады. Түркістан облысына қарасты Сауран ауданының делегациясы Түркия Республикасының Кония қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар ірі кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіп қайтты. Бұл сапардың басты мақсаты – шетелдік инвестиция тарту, заманауи өндірістік технологияларды меңгеру, әрі аудан көлемінде кәсіпкерлік әлеуетті арттыру болып табылады.

Іссапарға Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, «Жасыл Сауран» мекемесінің директоры Нұржан Бадамбаев және аудандағы бірқатар жеке кәсіпкерлер қатысты. Делегация мүшелері Кония қаласындағы индустриялық аймақтарды аралап, жергілікті зауыттардың жұмыс барысымен етене танысты. Олар тек өндіріс қуатымен ғана емес, сонымен қатар технологиялық автоматтандыру мен сапаны басқару жүйелерімен де танысып, осы саладағы озық тәжірибені көруге мүмкіндік алды.

Сапар барысында бірнеше алпауыт кәсіпорындармен іскерлік кездесулер өткізілді. Атап айтқанда, гидравликалық қысым, механикалық діріл және PLC (бағдарламаланатын логикалық контроллер) басқару жүйелеріне негізделген автоматтандырылған машиналар шығаратын «Kanat Makina San. Tic. Ltd. Şti» компаниясымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл кәсіпорын – Түркияда инженерлік саладағы озық технологияларды өндіріске енгізіп жүрген жетекші өндіріс орындарының бірі. Компания мамандары қазақ делегациясына зауыттың ішкі құрылымын, өнім сапасын бақылау жүйесін және экспортқа бағытталған өнім түрлерін кеңінен таныстырды.

Сонымен қатар мәрмәр тас өңдеу жабдықтарын шығаратын «Efeşen» компаниясымен кездесу барысында құрылыс материалдары өндірісіне қатысты нақты әріптестік мүмкіндіктері қаралды. Бұл сала Сауран ауданы үшін маңызды, себебі өңірде құрылыс қарқынды дамып келеді және сапалы құрылыс жабдықтарына деген сұраныс артып отыр.

Азық-түлік өңдеу саласы да назардан тыс қалған жоқ. Сүт өнімдері мен бал өңдеуге арналған арнайы технологиялар мен жабдықтарды өндіретін «Türköz» компаниясы да кездесулер шеңберінде делегация мүшелерімен келіссөздер жүргізді. Компания өкілдері Қазақстанмен серіктестік орнатуға мүдделі екенін білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екендерін жеткізді. Бұл Сауран ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік ашпақ.

Сапар барысында түрік тарапы Сауран ауданының кәсіпкерлік әлеуетіне қызығушылық танытып, болашақта бірлескен инвестициялық жобалар аясында жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді. Екіжақты келіссөздер өзара түсіністікпен өтіп, алдағы уақытта нақты іскерлік байланыстарды орнатуға негіз қалады.

Сауран ауданы үшін бұл іссапар стратегиялық маңызға ие. Өйткені қазіргі кезеңде өндірісті жаңғырту мен инвестиция тарту – өңірлік экономиканың даму драйверлерінің бірі болып отыр. Түрік кәсіпорындарымен орнатылған байланыс – Саурандағы өндіріс пен кәсіпкерліктің жаңа деңгейге шығуына ықпал ететін нақты қадам. Мұндай халықаралық әріптестіктер арқылы шетелдік тәжірибені үйрену, заманауи технологияларды тарту және жергілікті өнім сапасын арттыру мақсаттары жүзеге асады.

Делегацияның Түркиядағы сапары – Сауран ауданының халықаралық экономикалық кеңістікке бет алғанының белгісі. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын тауып, шетелдік инвестицияны тиімді пайдалану арқылы ауданда жаңа кәсіпорындар ашылады, жұмыс орындары құрылады және өңір экономикасы дамудың жаңа белесіне көтеріледі.