Сауран аудандық мәслихатының кезекті 30-шы сессиясы өтті
Сауран аудандық мәслихатының кезекті 30-шы сессиясы өтті. Сессия аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкім орынбасарлары, дербес бөлім басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия күн тәртібіне 14 мәселе енгізілді. Негізгі талқыланған тақырыптардың бірі – 2024 жылдың қорытындысы бойынша Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері болды. Бұл мәселе бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндама жасады. Оның айтуынша, ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп, әлеуметтік салаларда оң өзгерістер байқалған.
Сонымен қатар, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуаныш Таукебаев атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ол құрылыс саласында жүзеге асырылған жобалар мен болашақтағы жоспарлар жайлы баяндап, инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.
Сессия барысында аудандық ішкі саясат, жер қатынастары, денсаулық сақтау салаларының жұмыстары туралы есептер тыңдалып, тиісті мәселелер бойынша шешімдер қабылданды. Денсаулық сақтау саласына қатысты баяндаманы аудандық емхананың бас дәрігері Бахыт Стамкулов жасады.
Ауылдық округ әкімдерінің есептері де күн тәртібіне енгізіліп, Қарашық, Шаға, Оранғай және Жаңа Иқан ауылдық округтерінің әкім орынбасарлары өз округтеріндегі атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Сессия соңында «Тұран Су» ШЖҚ МКК-ның 2024 жылғы қызметінің қорытындылары мен 2025 жылға арналған жоспарлары қаралып, аудан әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың дербес құрамы бекітілді. Қорытындылай келе, сессияда көтерілген мәселелер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін маңызды шешімдердің қабылданды.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі