Сауран: Қарашықта жаңа өндірістік аймақ құрылысын дамыту басталды

Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округінде өндірістік аймақ құрылысын салу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын бұл аймақ — өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі әрі стратегиялық маңызды жобалардың бірі болып табылады.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Ол құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен жеке кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, әкімдік тарапынан толыққанды қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Қазіргі таңда өндірістік аймақта 9 кәсіпкер өз жобаларын іске қосқан немесе іске қосуға дайындық жүргізуде. Аумақта жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өңдеу сынды бірнеше бағыттар қамтылған. Жобалар іске қосылған соң, отандық өнімдер ішкі нарыққа шығарылып, тұтынушыларға қолжетімді әрі сапалы тауарлар ұсынылатын болады.

Өндірістік аймақтың іске қосылуы жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің жандануына, сондай-ақ аудан экономикасының өсуіне елеулі үлес қосады.

Жергілікті билік тарапынан инженерлік инфрақұрылым тарту, жол, су және электр жүйелерімен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл өндірістік аймақтың толықтай жұмыс істеуін және оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.