САЛТ ДӘСТҮРІМ — ТАУСЫЛМАЙТЫН БАЙЛЫҒЫМ

Мақтаарал ауданы ішкі саясат бөлімі “Жастар ресурстық орталығы” КММ -нің инспекторлары Сапарбек Несібелі, Шамшиев Бөгенбай, Жасұзақов Есімханның ұйымдастыруымен Жамбыл ауылдық округі, Абай елді мекенінде “Салт дәстүрім-таусылмайтын байлығым” атты тақырыпта қазақи нақыштағы ұлттық киімдерді тігетін қолөнерші Омарова Нүрбибі Жарқынқызымен сұхбаттасу болып өтті.
Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы.
Жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Өткенді білмей, келешекті білу мүмкін емес. Бұрынғының парқын білгендер ғана бүгінгінің нарқын білер» – деген сүбелі сөзі бар. Сан ғасырдан бері халқымызбен жасасып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің қолданысына, оның эстетикалық көркемдігі мен тәрбиелік мәніне мүмкіндігінше қанық болғанымыз дұрыс. Жақсы жарасымын тапқан салт-дәстүрлер қазақ халқының пайым-түсінігімен, психологиясымен, тектілігімен астасып жатыр. Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Салт-дәстүр – халық өмірінің айнасы.
Шараның мақсаты салт дәстүрімізді қолөнершілер арқылы жаңғырту және жастарымыздың қызығушылығын арттыру.
Сұхбаттасу барысында қолөнер иесі Нүрбибі Жарқынқызы өзінің өмір жолын және осы салаға келгені жайлы айтып берді. Түрлі сұрақтар қойылу арқылы сұхбаттасу мәнді және қызықты өткізілді.
Сұхбат соңында орталық басшысының атынан Нүрбибі Жарқынқызына алғыс хат пен сыйлық табысталды.
Тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырылған халықтың құрдымға кетері анық. Біздің сөз еткеніміз салт-дәстүрлердің аз ғана бөлігі. Ал қазақтың тектілігін танытып, көре­гендігін көрсететін әлі де қаншама қасиетті дәстүрлер, жөн-жоралғы, әдет-ғұрыптар бар. Қолданыстан шығып, ұмыт болған дәстүрлерді жаңартып, қайта ұстану өз қолымызда.