САЙРАМДЫҚ ЕРІКТІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ АДАЛ
Еріктілер ел ертеңі үшін еңбек етеді. Бүгінде еліміз бойынша волонтерлар саны 200 мыңнан асады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлік қызмет – патриотизмнің жарқын үлгісі. Бұл адамгершілік құндылықтарды бәрінен жоғары қоятын адамдардың өмір салты. Еріктілер қоғамның дамуына үлкен үлес қосып жатыр», — деді. Дәл осындай қоғам мүддесі үшін еріктілік серік еткендер – Сайрам жастары.
Сайрам ауданында 14-35 жас аралығында 50 мыңнан астам жас бар. Олардың ішінде қоғамдық жұмыстарға белсенді, Отанына адал патриот жастар да көп. Ауданда тіркелген 4 волонтерлар ұйымында бүгінде 200-ден астам ерікті қызмет етеді. Сайрамның барлық елді-мекеніндегі азаматтардың еріктілік жұмысын «Жастар ресурстық орталығы» жүйелеп отыр.
Сонымен бірге Сайрам ауданында қайырымды жандардың да қатары қалың. Ауыл-аймаққа белігі кәсіпкерлер де еріктілердің қатарына қосылып, шын мұқтажға көмек қолын созып келеді. Волонтерлар «Жомарт жүрек» деп аталған жобада меценаттарды тарту арқылы бірнеше отбасыға көмек көрсеткен.
Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді серіктестік орнатуда волонтерлердің рөлі ерекше. Бүгінде олар қоғамның түрлі салаларында белсенді қызмет етіп жатыр. Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша жалпы 102 еріктілер ұйымы бар, оларда 7 427 волонтер тоғыз бағыт бойынша жұмыс істейді. Еріктілердің қатысуымен биылдың өзінде облыста 2 215 іс-шара өтіп, 150 мыңға жуық азамат қамтылған.