РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҚ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
2025 жылғы 12-16 мамыр аралығында Қазақстан Республикасында республикалық репродуктивті денсаулық апталығы өтуде. Іс-шара халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау және отбасын жоспарлау мәселелері бойынша ақпараттық-ағарту жұмыстарын күшейту мақсатында ұйымдастырылуда.
Апталық Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен бейінді мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылуда. Апталықтың ашылуына орай 2025 жылғы 12 мамырда Шымкент қаласында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясы өтті.
Республикалық апталық аясында халықты репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша сапалы медициналық қызметтермен және сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ мемлекеттік және халықаралық ұйымдар арасындағы сектораралық өзара іс-қимылды нығайту көзделіп отыр.
Ресми статистика бойынша, жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен АИТВ-инфекциясының таралуы артып келеді. Сондай-ақ, 15-19 жас аралығындағы жастардың 60%-дан астамы жүктіліктің алдын алу және инфекциялардан қорғану әдістері туралы жеткілікті білімге ие емес.
Жатыр мойны обыры әйелдер арасында кең таралған онкологиялық аурулардың бірі болып табылады. Аталған қатерлі ісіктің алдын алуға болатындығын ескере отырып, 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация енгізілді. Осы бағытта халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттілігі туындап отыр.