ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІ – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУҒА ЖАС ҰРПАҚТЫ ТАРТУДЫҢ СЕНІМДІ АЛАҢЫ
Қазақстанда жастарды мемлекеттік басқару ісіне тарту, олардың жаңа көзқарастары мен креативті идеяларын ел игілігіне бағыттау мақсатында жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалардың бірі – Президенттік жастар кадр резерві. Бұл жоба Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен 2019 жылдан бастап қолға алынды.
Жоба іске қосылғаннан бері үш кезең бойынша іріктеу өткізілді. Атап айтқанда, 2019, 2021 және 2023 жылдардағы науқандарға 60 мыңнан астам азамат қатысуға ниет білдіріп, нәтижесінде 400 адам резервке алынды. 2019 жылы – 300, 2021 және 2023 жылдары – 50-ден үміткер іріктелді. Бүгінде осы резервке алынған азаматтардың 80 пайызы, нақты айтқанда 318-і, мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарда жауапты қызметтер атқаруда.
Президенттік жастар кадр резерві – жастар үшін тек мансаптық өсудің ғана емес, сондай-ақ елге қызмет етудің үлкен алаңы. Бұл жоба мемлекеттік аппаратты жаңғыртуда және жаңа сапалы кадрлармен толықтыруда айрықша рөлге ие. Мемлекеттік қызметтің заманауи талаптарына сай, кәсіби білімі бар, патриоттық рухтағы жастарды басқарушы буынға тарту – бұл бастаманың басты миссиясы.
2025 жылы резервке қабылдаудың төртінші кезеңі өтеді. Бұл жолғы іріктеудің басты ерекшелігі – үміткерлерді салалық бағыттар бойынша теңгерімді түрде іріктеу. Әр бағытқа нақты квота бөлініп, бағалау сол салаға бейімделген критерийлер негізінде жүргізіледі. Бұл әдіс мемлекеттік аппараттың түрлі секторларына сапалы кадрларды әділ негізде тартуға мүмкіндік береді.
Кандидаттарға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады: жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің болуы, кемінде бес жыл еңбек өтілі және қазақ тілін В1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгеруі қажет. Сонымен бірге, Президент тағайындаған тұлғалар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері мен бұған дейін резервте болғандар іріктеуге қатыса алмайды.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/4F5OgW68PGU?si=tR0fgA_rTkDflnWW
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ