Премьер-Министрдің кеңесшісі Түркістан облысындағы индустриялық жобалармен танысты

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Сапар барысында ол Сауран ауданында орналасқан, Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызы бар «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралап көрді.

Іссапарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен «СПК «Түркістан» АҚ басқарма төрағасы Данияр Бектұрғанов қатысты. Жергілікті билік пен бизнес өкілдері өндірістік аймақтың дамуы, инвестициялық тартымдылығы және жүзеге асып жатқан жобалар туралы кеңінен баяндап берді.

Азық-түлік қауіпсіздігі: қойма кешені маусымаралық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Кеңесші көлемі 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімін сақтауға арналған заманауи сақтау қоймасының жұмысымен танысты. Аталған нысан Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде қол жетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңбырлатып суару жүйелері – ауыл шаруашылығы үшін жаңа серпін. Сапар барысында «BNK Group» серіктестігінің өндірістік цехтары да назардан тыс қалмады. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» бренді аясында айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндіруде.
Бұл – ауыл шаруашылығы саласын тиімді әртараптандыруға және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік беретін озық жоба.

Білім мен медицина саласына арналған отандық өнімдер. Премьер-Министр кеңесшісі «Aqniet Holding» компаниясының білім беру мекемелеріне арналған жиһаз өнімдерімен танысты. Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті толықтай жиһазбен қамтамасыз еткен.
Мекеме «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде жаңа стандарттарға сай жиһаздар дайындап қана қоймай, «Kazmedpribor» компаниясымен бірге медицина саласына арналған арнайы жабдықтарды да шығарады.

Ішкі нарыққа арналған тоңазытқыш өнімдер – импортты алмастырудың үлгісі. Сапардың соңғы нысаны – «Jasyl Suyq Qazaqstan» компаниясы болды. Бұл кәсіпорын тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарды шығара отырып, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтуда.
Кәсіпорынның өндіріс желісі заманауи технологиялармен жабдықталып, өнімдері сапа стандарттарына толық сай келеді. Бұл – импортты алмастыратын өндірістің нақты үлгісі ретінде бағаланды.

Инвесторларға қолайлы алаң – өңірлік әлеует артып келеді. Премьер-Министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев Түркістан облысында іске асып жатқан жобалардың нақты нәтижесін, сондай-ақ инвесторларға жасалып отырған қолайлы жағдайларды ерекше атап өтті.
Өңірдің индустриялық-инновациялық даму бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мемлекеттік қолдаудың нақты көрсеткіші екенін тілге тиек етіп, бұл бастамалар жергілікті экономиканың тұрақты дамуына жол ашатынын жеткізді.