«Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне құлау қаупі төніп тұр»: Депутат дабыл қақты

Ғимараттың салынғанына алты ғасырдан асқан.

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«600 жылдан астам уақыт бұрын салынған кесененің (ред. – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі) қазір құлау қаупі бар. Қабырғалары ылғал әсерінен түсіп, кейбір жерлерінде тұз пайда болған. Мұның бәрі ғимараттың негізін бұзып отыр. Сондай-ақ төбелерінен сылақ құлаған. Бұл мәселелердің бәрі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Оларды шешу үшін мәдениет және ақпарат министрлігі қандай жұмыстар атқарып жатыр?», — деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Ардақ Назаров қаралып отырған заң жобасында кесенені сақтау мәселесі қарастырылған ба деп нақтылады.

«Түркістан облысы Түркі әлемінің киелі және еліміздің беделді туристік аймағы ретінде танылғаннан бері қоғам арасында 2021-2022 жылдан бастап кесенелердің жай-күйі алаңдатушылық тудырды. Бұны Мемлекет басшысы өзінің жұмыс сапары аясында атап өтіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылы кесененің конструкцияларында ылғалдылық ұлғайып, жалпы ескерткішке қауіп төнгені туралы айтылды», — деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.

Оның сөзінше, осы жұмыстар ғылыми зерттеу институттарымен жүзеге асырылған.

«Кесененің аумағында орнатылған жасыл желектер, ағаштар мен газондарды суару ескерткіштің жағдайына әсер етеді. Аталған жұмыстарды тоқтату қажет деп есептейміз делінген. Осы орайда Түркістан облысы әкімдігі суару жұмыстарын тоқтатты. Қорытындысы бойынша келешекте ғылыми реставрациялық жұмыстар үшін ғылыми жобалау құжаттамасы әзірленді. Құжаттамаға сәйкес реставррациялық жұмыстар жалғастырылады», — дедівице-министр.