ОТЫРАР: ШӘУІЛДІР АУЫЛЫНДА ЖАҢА ОЙЫН АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі бүгін Шәуілдір ауылында жалғасын тапты. Арыс жағалауындағы ашық аспан астында тұрғындармен кездескен аудан әкімі аудан көлемінде атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды.
Бұған дейін Шәуілдір ауыл окургінде өткен кездесулерде 11 мәселе көтеріліп, бүгінгі таңда 5 мәселе шешімін тапса, қалған 6 мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауыл округіндегі ішкі көшелерді жөндеу, ойын алаңшаларын салу, газдандыру жұмыстары, ортақ жайылым қарастыру бойынша жұмыстар атқарылып келеді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары Қалдыбай Ембергенов, Үсен Ахан, Жалғасбай Көлбай ұсыныс-пікірлерін айтып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Шәуілдір мен Көкмардан ауылдарын жалғап тұрған «Селкілдек көпірді» жөндеуден өткізу туралы өтініштерін жеткізді.
Неміс инженері Борис Буштың тікелей бастамасымен салынған аспалы көпір қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етіп тұр. Темір тартпалары созылып, ағаштары тоза бастаған. Аудан басшысы ауыл тұрғындарының ұсынысы негізінде көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы сала басшаларына тапсырма жүктеді.
Соңғы жылдары ауданымызда ойын алаңшаларының қатары көбеюде. Аймақта бюджет қаражатымен шектеліп қалмай, демеушілерді тарту ісі де жанданып келеді. Жақында ғана ауыл азаматтарының демеушілігімен Шәуілдір ауылындағы Жамбыл жалпы білім беретін мектебі жанынан заманауи ойын алаңы салынып, пайдалануға берілген еді. Бүгінде игі бастама жалғасын тауып жатыр.
Темір ауылындағы «Темір» жалпы білім беретін орта мектебі аумағынан ашылған күрес залын ашу спортты жанына серік еткен ауыл жастарының көптен күткен арманы еді. Осы бір көптің тілеуін аудандық мәслихат депутаты Ардақ Әмзе іске асырып, елдің алғысына бөленді. Ұзақ жылдардан бері бос тұрған бұрынғы оқу ғимараты депутаттың демеушілігімен жөндеуден өтіп, күрес залы ретінде пайдалануға беріліп отыр.
Күрес залының ашылуына аудан әкімі Сәкен Асылханұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы, аудандық мәслихат депутаттары Асан Аралбай, Бекзат Аманшаұлы, Нұржан Орынбасарұлы қатысып, ауыл спортын дамытуға атсалысып қолдау көрсеткен депутат Ардақ Әмзеге ризашылықтарын жеткізді.
Аталған күрес залында 40 бала спортпен шұғылданады. Жеткіншектердің қол жеткізген жетістері де аз емес. Мәселен жасөспірімдер арасында Нұрасыл Мәдіхан, Әсет Серік, Жанерке Айтбектер облыстық біріншілікте топ жарса, Ернар Әбибулла спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындаған.
Шара барысында ел ағаларының атынан жоғары жетістікке жеткен жас спортшыларға сәттілік тілеп, естелік ретінде спорттық киімдер сыйға тартылды.
Мұнан соң Шәуілдір ауылы мен Көкмардан ауылын жалғайтын «Селкілдек көпір» маңында ашық спорт алаңы ашылып, ел игілігіне берілді. Мұнда балалардан бөлек ересектердің дене жаттығуларын жасауына жағдай жасалған.
Аудан әкімі Сәкен Асылханұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы, аудандық мәслихат депутаттары Асан Аралбай, Бекзат Аманшаұлы, Ардақ Әмзе, Нұржан Орынбасарұлы ашық спорт алаңының ашылу рәсіміне қатысып, алаңшаның ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтап, аудан көлемінде спорт саласындағы жетістіктерді атап өтті. Шарада ауыл тұрғындары салауатты өмір салтын ұстану, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, ризашылығын білдірді.
Жиын соңында ауыл ақсақалдарының атынан аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жалғасбай Көлбай жоспарлы жұмыстарға сәттілік тілеп, халықтың тілегін орындап, демеушілік жасап, елдің алғысын алып жүрген халық қалаулылары мен ел азаматтарына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.