ОТЫРАР АУДАНЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Бүгін Отырар ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары базар бағасынан 20-30 пайыз төмен бағада көпшілікке ұсынылды. Аудан орталығы Шәуілдір ауылындағы М. Әуезов көшесі бойында өткен шарада аудан әкімінің орынбасарлары Ержан Оралбай мен Айдос Құлмаханов жәрмеңкенің мақсаты тұрғындарға азық-түлікті қолжетімді бағада ұсыну, әлеуметтік жағынан қолдау көрсету екенін атап өтті.
Таңмен таласа аталған орынға жиналған тұрғындардың қарасы қалың болды. Тауарлардың сапасы мен бағасына қызыққан тұтынушылар азық-түліктерін таласа алып жатты,
Айта кету керек, тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз ету үшін жәрмеңкеге 30 тонна ірі картошка, 30 тонна пияз, 5 тонна сәбіз, 10 тонна құмшекер, 1800 штук (5л) пістемай, 4,5 тонна күріш, 4 тонна капуста, 1 тонна қызылша, 7 тонна алма, 1 тонна асқабақ, 15 тонна ұн жеткізілген. Аудан тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жәрмеңке екі күн бойы жалғасын табатын болады.