ОТЫРАР: АҚТӨБЕ-ШІЛІК АУЫЛДАРЫНДА БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ САЛЫНАДЫ
Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың тұрғындармен кездесу жиыны Ақтөбе, Шілік ауыл округтерінде өтті. Жиында аудан басшысы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, алда тұрған міндеттерді атап өтті.
Өз баяндамасында: «Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес аудан және ауыл округі әкімдері өздеріңізбен тоқсан сайын есепті кездесу жиынын өткізу тиіс, осыған байланысты бүгін еркін пікір алмасу үшін жүздесіп отырмыз» деп бастаған аудан әкімі ауыл округтеріндегі бұған дейін көтерілген өзекті мәселелердің орындалуы барысына тоқталды.
Өткен жиындарда ауыл тұрғындары «Шілік – Ақтөбе» автожолының тозығы жеткен, жөндеу жұмыстары жүргізілсе» деген өтінішін айтқан болатын. Аталған мәселе бақылауға алынып, аудандық маңыздағы KXOR-11 «Ақтөбе-Шілік» 8,8 шақырым автомобиль жолына орта жөндеу үшін жұмыс жобасы әзірленіп, ведомстволық сараптама қорытынды алынған. Жобаны жүзеге асыру үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған. Сондай-ақ «Ақтөбе-Шілік» ауылы аралығындағы 7 шақырым жоғары кернеулі электр желісі бағаналарының орны ауыстырылып, «Қазсушар» РМК Отырар аудандық өндірістік бөлімшесі арқылы Жаңа Шілік ауылындағы Терекарықта орналасқан 4 дана тоспа орнату үшін жобалық сметалық құжатын жасатып, 2024 жылы қаржыландыруға ұсыну жоспарлануда.
Биылғы жылы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары бойынша 21 нысанға аудандық бюджеттен қаржы қаралған. Оның ішінде Жаңа Шілік ауылындағы «Отырар ауданы» кіре беріс қақпаны абаттандыру, Ақтөбе, Ескі Шілік елді мекендеріне балалар ойын алаңшасын салу, Жаңа Шілік елді мекеніне спорт алаңшалары мен воркаут және Ескі Шілік ауылындағы көшеге аяқ жол салу жұмыстары атқарылуда.
Сонымен қатар «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында ұлттық қор есебінен Ақтөбе ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы бойынша жеңімпаздары анықталып, келісім шарттар түзілді. Тамыз айынан бастап құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Кездесуде ауыл тұрғындары егістік жерлерге ағын су жеткізу, ішкі көшелерді жөндеу, аяқжолдар салу секілді мәселелерді көтеріп, жауапты сала басшылары тарапынан тұщымды жауаптар алды. Кейбір мәселелер ағымдағы жылы шешімін табатыны баяндалып, жақын арада тиісті жұмыстар атқарылатыны түсіндірілді.
Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, жұмыссыздық, суармалы жер және өзге де әлеуметтік мәселелерге байланысты өтініштеріне жауапты сала мамандарына заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.