ORDABASY: АУДАН ЖАСТАРЫН БІРІКТІРЕТІН ОРТАҚ АЛАҢ ҚҰРУ КЕРЕК

Жастар – елдің басты байлығы, мемлекеттің болашағы. Сондықтан оларға әрқашан қамқорлық пен қолдау ауадай қажет. Осы мақсатта ел болашағы – жастарды тәрбиелеуде ауданымызда біршама жұмыстар атқарылып, жастар саясаты, жастарды әлеуметтік-экономикалық жағынан қолдау шаралары өз шешімін тауып келеді.
Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев жастармен еркін форматта кездесіп, жаңашыл жастардың көкейде жүрген ой-пікірлерін тыңдап, өзара пікір алмасты,  деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Алқалы жиында аудандық Жастар ресурстық орталығының 9 айда атқарылған жұмыстары, алдағы жоспарлары бойынша баяндамасы тыңдалды.
«Ауданымызда жалпы 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 34 732 болып, халық санының 27.1 пайызын құрайды. Қазіргі таңда орталығымызда мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 3874 жасқа кеңес берілді. Және де талантты жастарды қолдау және жастарды жан-жақты дамыту бағытында бүгінгі күнге дейін 48 іс-шара өткізіліп, оған 3534 жас қамтылды. Біз алдағы күндері жастардың жаңа трендтерге бейімділігін арттыру мақсатында арнайы мобилография курсын өткізуді жоспарлап отырмыз», деді орталық басшысы Әсел Баймаханова.
Өз кезегінде аудан әкімі орталық тарапынан атқарылған жұмыстарды оң бағалап, жастардың белсенділігін арттыру мақсатында ортақ алаң қалыптастыруды, олардың қызығушылығын оятатын танымдық, қоғамдық-әлеуметтік жобаларды көптеп ұйымдастыруды тапсырды.
Кездесу барысында жастар көкейде жүрген сұрақтарын, орамды ойларын ортаға салды. Әсіресе білім беру мекемелеріндегі жоғары сынып оқушыларын интелектуалды ойындарға, көшасшылық сайыстарға, елге қызмет ететін ерікті жас болуға баулу жағын қолға алса деген тұшымды пікірлерін айтып өтті.
Сондай-ақ, өз саласында ерінбей етіп жүрген жас мамандар өз замандастарын туған ауылды таза ұтсауға, экологиялық белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды.
Аудан басшысы Азат Әбдіғалиұлы жастардың игі бастамаларына сәттілік тілеп, жергілікті билік тарапынан жастарға әрқашан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.