Облыста мүгедек азаматтарды әлеуметтік қорғауда тиісті жұмыстар атқарылуда
Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдарды және аға ұрпақты әлеуметтік қорғау мәселелері барысында тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында 98 760 мүгедектігі бар азаматтар (83746 ересектер, 15014 балалар) есепте тұр (облыс халқының 4,6%), республикадағы мүгедектердің 14% құрайды. Биылғы жылы облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 13,4 млрд. теңге бөлінген. Осы ретте қаралған қаржылар есебінен 36 521 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылды немесе қажеттіліктің 72 пайызы орындалған.
Жалпы мүгедектігі бар адамдар – тыныс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуларына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам. Қазастан Республикасындағы мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
Қоғамда мүгедектігі бар адамдардың құқықтары бар. Оның ішінде, әлеуметтік қорғалуға, оның ішінде абилитациялауға, оңалтуға, қоғамға интеграциялануға және мектепке дейінгі тәрбие алу мен оқу, білім алу үшін жағдайлармен қамтамасыз етілуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке. Сонымен қатар, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлеміне, кәсіптік даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабілетін қалпына келтіруге және жұмысқа орналасуға және инфрақұрылым, ақпараттандыру объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық сайыстарға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің қамтамасыз етілуіне құқығы бар. Бұдан бөлек, өзінің сайлау және сайлану құқығын жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге, мемлекеттік және өзге ұйымдарда, оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бірінші кезекте қызмет көрсетілуге құқығына ие болады.
Бүгінде Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады. Бүгінгі таңда облыстағы әлеуметтік қызметтер порталының тізілімінде 245 өнім беруші бар, оның ішінде 21 ымдау тілі маманы, 19 жеке көмекшінің қызметін көрсету, 146 оңалту техникалық құралдары және 59 ұйым санаторий-курорттық емдеу қызметін қамтамасыз етуге арналған.
Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы қаулысында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмектің мынандай түрлері қарастырылған. Ол жерде сурдо тифлотехникалық құралдар, протезді ортопедиялық құралдар (аяқ қол протездері , ортопедиялық аяқ киім, кеуде безі протезі, есту аппараты, жүріп тұру құралдары). Әлеуметтік көмектің берілу тәртібі: мүгедектер медициналық әлеуметтік комиссиядан өткен күннен бастап ай көлемінде мүгедектерді жеке оңалту бағдарламасы толтырылып беріледі. Протездік–ортопедиялық көмекке мұқтаж мүгедектер тұрғылықты тұратын жері бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеумет-тік бағдарламалар бөлімдеріне өтініш береді. Протездік–ортопедиялық құралдар мен қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды жөндеу Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне, сондай-ақ жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға, ҚР-ның Қарулы Күштерінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты мүгедек болған әскери қызметшілерге, Ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының басшысы және қатардағы құраманың қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты мүгедек болған адамдарына, жалпы аурудан мүгедек болғандарға, бала жасынан мүгедектерге, мүгедек балаларға жүргізіледі.
Мүгедектер шино-былғары құрастырмалы протездермен, қазіргі заманғы технология-лар бойынша жасалған протездермен, олардың керек жарақтарымен, тұқылдарға кигізетін тыстарымен, ортопедиялық аппараттармен, тізе таңғыштарымен, салынатын кебістермен, тіреуіш-протездермен, былғары шалбарларымен, ползункилермен, биалайлармен, жіңішке таяқтармен, балдақтармен, жетек арбалармен қамтамасыз етіледі. Сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз ету 1-ші, 2-ші, 3-ші топта-ғы мүгедектерге және мүгедек балаларға жеке куәлігін, туу туралы куәлігін, мүгедектік және оңалту бағдарламасын ұсынған жағдайда беріледі. Есту протезі дәрігер сурдологтар, лор дәрігерлері ауруларды жалпы лор тексеру және аудиметриялық тексеру кезінде белгіленген, әр құлағы-ның естуін орташа жоғалтуы 20 ДБ-ден асатын адамдарға қолданылады.
«Мүгедектігі бар адамдар топтарына байланысты қандай мөлшерде жәрдемақы алады? Қосымша төлемдер қарастырылған ба, қарастырылса қандай?» деген Halyq Uni тілшісінің сауалдарына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Инклюзия бойынша департамент директоры Динара Жұбанова жауап берді.
«Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасты:
бірінші деңгей (базалық) – мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар Қазақстан азаматтарының конституциялық кепілдіктерінің бірі болып саналады. Жәрдемақылар мүгедектігі бар адамның еңбек өтілі бар ма, жоқ па, жәрдемақы алу үшін жұмыс тоқтатылғанына немесе жалғасқанына қарамастан төленеді.
Жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Күнкөріс деңгейінің жоғарылауына байланысты олардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне арттыруға кепілдік беріледі.
Кейбір жылдары Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде олар екі рет артады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға ұлғайтылды.
Мысалы, жалпы аурудан мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы мөлшері өткен жылмен салыстырғанда:
- 1 топ — 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін;
- 2 топ — 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін;
- 3 топ — 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін артты.
Өсу нәтижесінде мүгедектік бойынша орташа жәрдемақы 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 541,8 алушыға 74 мың теңгені құрайды.
Соңғы 6 жылда мүгедектік бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 2,3 еседен астам өсті (2018 жылы 32 392 теңгеден 2024 жылы 73 953 теңгеге дейін).
2024 жылға арналған мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге бюджеттен 487,4 млрд теңге қарастырылған.
екінші деңгей (міндетті) – егер жұмыс беруші зардап шеккен қызметкер үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар аударған болса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – Қор) төленетін әлеуметтік төлемдер.
Әлеуметтік төлемдердің мөлшері қызметкердің табысына, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты.
Қазақстан Үкіметінің шешімдеріне сәйкес әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне көтеріледі.
Бұдан басқа, іске асыру үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайларға әлеуметтік төлемді тағайындау параметрлері қайта қаралды. Бұл төлемдер мөлшерінің орта есеппен 50%-дан кем емес өсуін қамтамасыз етті.
Биыл еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайларында төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7%-ға артқанын атап өткен жөн.
үшінші деңгей — сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері, егер еңбек ету қабілетінен айырылу еңбек мертігуімен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және зардап шеккен қызметкердің пайдасына қызметкерді «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан заңында көзделген жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты жасалған жағдайда төленеді.
Осылайша, қазір Қазақстанда әлемдік тәжірибені ескеріп, халықаралық стандарттарға жауап беретін көп деңгейлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі құрылды. Өйткені ол мемлекеттің, қызметкердің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген», – деп түйіндеді маман ресми сауалға берген жауабында.